ҚР Ұлттық архиві Өскемен қаласында өткен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысты

2026 жылғы 11 қарашада Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде тарих ғылымдарының докторы, профессор С.Қ Игібаевтың туғанына 85 жыл және тарих факультетінің құрылғанына 70 жыл толуына орай халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Ғылыми жиынға Қазақстан мен шетелдің ғалымдары, профессор-оқытушылар құрамы, жас зерттеушілер мен білім алушылар қатысты. Конференция жұмысына Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің Жеке тектік құжаттармен жұмыс жүргізу бөлімінің жоғары біліктілік санатындағы маман-археографы Наргиз Қосбармақова қатысып, Ұлттық архив ұжымының атынан құттықтау сөз сөйледі.

Конференция аясында Ұлттық архивтің ұйымдастыруымен «Ғалымның мұрағаты тарихи дереккөз ретінде: С.Қ. Игібаевтың ғылыми мұрасы» атты көрме ұсынылды. Профессор Советхан Қабдуалиұлы Игібаевтың жеке тектік қоры Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінде сақтаулы. Көрмеге ғалымның өмірі мен ғылыми-педагогикалық қызметінен сыр шертетін, тарихи және ғылыми маңызы бар архивтік құжаттар қойылды. Бұл құжаттар ғалымның мол мұрасын зерделеуге және оның отандық тарих ғылымына қосқан үлесін кеңінен танытуға мүмкіндік береді.

Аталған шара көрнекті тұлғаның ғылыми мұрасын дәріптеуге, архивтік құжаттарды ғылыми айналымға енгізуге және архив мекемелері мен ғылыми ұйымдар арасындағы кәсіби ынтымақтастықты нығайтуға бағытталды.