Ұлттық архив базасында цифрлық архив және жасанды интеллект мәселелері талқыланды

8–9 қазан күндері Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің базасында Мемлекеттік және ведомстволық архив қызметкерлерінің біліктілігін арттыру орталығының ұйымдастыруымен «Цифрлық архив: жасанды интеллект, жаңа траектория мен мүмкіндіктер» тақырыбында семинар өтті.
Екі күндік семинар барысында архив саласын цифрландыру, электрондық құжат айналымын жетілдіру, ақпараттық жүйелердің мүмкіндіктерін тиімді пайдалану, киберқауіпсіздік және құжаттардың сақталуын қамтамасыз ету мәселелері қарастырылды. Сондай-ақ жасанды интеллектіні басқару үдерістерінде қолдану, оның жұмыс тиімділігін арттырудағы мүмкіндіктері және цифрлық ортадағы өзекті талаптар талқыланды.
Бағдарлама аясында қатысушылар электрондық архив жүйесінің жұмысымен және Ұлттық архивтің негізгі қызмет бағыттарымен танысты. Теориялық білім мен практикалық тәжірибені ұштастырған семинар архив ісіне заманауи технологияларды енгізу, кәсіби тәжірибе алмасу және саланың даму мүмкіндіктерін зерделеу үшін маңызды алаң болды.
Семинар соңында қорытынды талқылау өткізіліп, қатысушыларға сертификаттар табысталды.