Қазақстан мен Қытай архив саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады

Қараша айының 26-сы күні Бейжіңдегі Қазақстан мәдениет орталығында екі елдің архив ісіндегі ынтымақтастығын дамытуға бағытталған дөңгелек үстел өтті.

Жиынға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Қытайдың Мемлекеттік архив басқармасының, Қазақстанның Қытайдағы Елшілігінің, Бейжіңдегі Қазақстан мәдениет орталығының және Ұлттық архивтің өкілдері қатысты.

Кездесу архив ісіндегі ынтымақтастықты кеңейту бойынша 2025-2027 жылдарға арналған нақты іс-қимыл жоспарын іске асыру аясында өтті.

Қатысушылар Қытай архивтерінен Қазақстан мен екі елдің қарым-қатынасына қатысты тарихи құжаттарды іздестіру және зерттеу мүмкіндіктерін талқылады. Құжаттарды цифрландыру, қалпына келтіру және сақтау жайы да сөз болды.

Архив ісін цифрландыру бойынша тәжірибе алмасуға, жасанды интеллект технологияларын қолдануға және мамандардың білігін арттыруға айрықша мән берілді.