![]()

Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің 20 жылдығына арналған «Архивтер: цифрлық трансформация, конституциялық құндылықтар, тарихи мұра» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясының екінші бөлімі Ұлттық архив ғимаратында жалғасын тапты
Іс-шара аясында Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің тұңғыш директоры, қоғам қайраткері Рысты Халесқызы Сариеваға арналған естелік бұрышының салтанатты ашылуы өтті. Бұрышта көрнекті тұлғаның өмір жолы, еңбек қызметі, Ұлттық архивтің қалыптасуына қосқан үлесі туралы құнды құжаттар мен фотосуреттер көпшілік назарына ұсынылды.
Одан кейін конференция жұмысы «Құжаттарды қалыптастыру – Ұлттық архив қорының сапалы құрамының кепілі», «Архив басылымдары: тарих, тағылым, таным», «Ұлттық архив: кеше, бүгін, ертең» және «Архивтегі жасанды интеллект: тарихты сақтаудың жаңа жолы» атты төрт секция бойынша жалғасты.
Секциялық отырыстарға Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті, Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві, Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архиві, Өзбекстан Ұлттық архиві, Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, сондай-ақ еліміздің өңірлік архивтерінің басшылары мен өкілдері қатысты.
Жиын барысында архив қорларын қалыптастыру, тарихи құжаттарды ғылыми айналымға енгізу, халықаралық ынтымақтастықты дамыту, архив саласын цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын енгізу мәселелері кеңінен талқыланды.
Конференция соңында қорытынды қарар қабылданып, қатысушылар мен баяндамашыларға сертификаттар мен марапаттар табысталды.



