Ұлттық архив өкілдері республикалық өңірлік семинарға қатысты

2026 жылғы 29–30 қазан күндері Петропавл қаласында «Архив қорларын пайдалану және жариялау, архив құжаттарын беру» және «Е-Архив» ақпараттық жүйесінде жұмыс істеуге үйрету» тақырыптарында республикалық өңірлік семинар өтті.

Іс-шараны Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті, Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы және Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архиві ұйымдастырды.

Семинардың пленарлық отырысында Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің директоры Сағила Есемсейітқызы Нұрланова қатысушыларға құттықтау сөз сөйлеп, архив саласындағы кәсіби өзара байланыстың, тәжірибе алмасудың және архив құжаттарын тиімді пайдаланудың маңыздылығына тоқталды.

Сондай-ақ, Ұлттық архивтің Жариялау және баспа бөлімінің басшысы Әбу-Асқар Мекеш «Қазақстан архивтері» журналы: тарихи құжаттарды жариялау және архив саласының кәсіби тәжірибесін насихаттау» тақырыбында баяндама жасады.

Баяндама барысында тарихи құжаттарды ғылыми айналымға енгізу, архивтік материалдарды жариялау, сондай-ақ «Қазақстан архивтері» журналы арқылы архив саласының кәсіби тәжірибесін кеңінен таныту мәселелері қамтылды.

Семинар аясында архив қорларын пайдалану, құжаттарды жариялау, тақырыптық жинақтар әзірлеу, оқырман залдарының жұмысын ұйымдастыру және «Е-Архив» ақпараттық жүйесін қолдану мәселелері талқыланды.

Мұндай кәсіби кездесулер архив мекемелері арасындағы ынтымақтастықты нығайтып қана қоймай, тарихи-мәдени мұраны сақтау, зерттеу және оны қоғам игілігіне ұсыну бағытындағы ортақ жұмыстарды жетілдіруге мүмкіндік береді.