![]()

Қазақстан–Сауд Арабиясы: архив саласындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңі
Қазақстан Республикасы Ұлттық архиві мен Сауд Арабиясы Корольдігінің Король Абдул Азиз атындағы зерттеу және архив қоры арасындағы архив саласындағы ынтымақтастық жаңа мазмұнмен толықты.
Жұмыс сапары барысында Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің директоры Сағила Нұрланова мен Жеке тектік қор иелерімен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы Гауһар Хайруллина 2025 жылғы 22 мамырда қол қойылған Ынтымақтастық туралы меморандумды іске асыруға бағытталған Атқарушы бағдарламаға қол қойды.
Аталған құжат екі елдің архив саласындағы өзара іс-қимылының нақты бағыттарын айқындайды. Атап айтқанда, архив ісіндегі тәжірибе алмасу, бірлескен зерттеу жұмыстарын жүргізу, ғылыми жарияланымдармен алмасу, көрмелер мен семинарлар ұйымдастыру, сондай-ақ Қазақстан мен Сауд Арабиясының тарихына қатысты құжаттық мұраны зерделеу мәселелері қамтылды.
Сапар аясында Ұлттық архив делегациясы Эр-Рияд қаласындағы бірқатар жетекші ғылыми және мәдени мекемелердің қызметімен танысты. Атап айтқанда, Король Абдул Азиз атындағы қоғамдық кітапханаға, Король Фахад атындағы ұлттық кітапханаға және Король Файсал атындағы Исламды зерттеу орталығына барды.
Кездесулер барысында аталған мекемелердің құжаттық және кітап қорларын сақтау, ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру, тарихи-мәдени мұраны зерделеу және насихаттау бағытындағы қызметі таныстырылды.
Сонымен қатар делегация Сауд Арабиясының Ұлттық музейінде болып, елдің тарихы мен мәдени мұрасын танытатын экспозициялармен танысты. Король Абдул Азиз атындағы зерттеу және архив қорының цифрландыру, құжаттарды қалпына келтіру және сақтау жүйелері зерделеніп, қор ұйымдастырған көрмеге барды.
Жұмыс сапары барысында өткен кездесулер мен тәжірибе алмасу екі елдің архив және ғылыми-мәдени мекемелері арасындағы кәсіби байланысты нығайтуға, тарихи құжаттарды зерттеу мен сақтаудың заманауи тәсілдерін зерделеуге мүмкіндік берді.
Атқарушы бағдарламаға қол қойылуы Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы тарихи-мәдени мұраны сақтау және зерделеу бағытындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеріп, алдағы бірлескен жобаларға берік негіз қалыптастырады.





