

Ұлттық архивте оқыту семинары өтті
2026 жылғы 9–10 қараша күндері Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінде «Құжаттардың құндылығын сараптау, мемлекеттік және ведомстволық архивтерді толықтыру. Нормативтік-құқықтық база, әдістемелік қамтамасыз ету және практика» тақырыбында оқу семинары өтті.
Оқу бағдарламасы аясында архив саласының өзекті мәселелеріне арналған дәрістер мен практикалық сабақтар өткізілді.
Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті басқармасының басшысы С. Тащанова «Архив ісі және құжаттама басқару саласындағы заңнамалық және нормативтік-құқықтық актілерге енгізілген негізгі өзгерістер» тақырыбында дәріс оқыды.
ҚР Ұлттық архивінің бөлім басшысы М. Нұртазина «Іс-қағаздар номенклатурасы – құжаттарды қалыптастырудың негізі және ведомстволық деңгейде құжаттардың сақталуын қамтамасыз ету» тақырыбын түсіндірді.
Жоғары білікті маман-архивистер Н. Иргашева мен С. Сапашева құжаттардың құндылығына сараптама жүргізу, ғылыми-техникалық өңдеу және мемлекеттік сақтауға тапсыруды ұйымдастыру бойынша теориялық және практикалық сабақ өткізді.
Архивтік технологиялар мен цифрландыру бөлімінің қызметкері О. Сәрсембаев «Таратылымы шектеулі құжаттармен жұмыс істеу тәртібі» тақырыбын қамтыды.
ҚР Ұлттық архивінің бас қор сақтаушысы М. Шауленова «Архивтік құжаттарды сақтау: талаптар мен тәжірибе» тақырыбында дәріс оқыды.
Архив қоймасының меңгерушісі А. Оңғарбаев құжаттардың сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар кешенін жүргізу бойынша практикалық сабақ өткізді.
Архивтік технологиялар мен цифрландыру бөлімінің басшысы Е. Жаңабеков «Электрондық архивтерді ұйымдастырудың теориялық және практикалық негіздері» тақырыбында баяндама жасады.
Сонымен қатар ҚР Ұлттық архивінің директоры С. Нұрланова «Сапалы құжат – сенімді архив: Мемлекеттік қорды қалыптастырудағы ерекшеліктер» тақырыбында дәріс оқыды.
Семинар соңында пікір алмасу өткізіліп, қатысушылар арасында сауалнама жүргізілді. Оқу қорытындысы бойынша қатысушыларға сертификаттар табысталды.
Семинар архив саласы мамандарының кәсіби біліктілігін арттыруға, тәжірибе алмасуға және мемлекеттік архив қорын сапалы қалыптастыруға бағытталды.



