Қазақстан – БАӘ: архив саласындағы ынтымақтастықтың жаңа бағыттары

Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінде Біріккен Араб Әмірліктерінің Шейх Зайед атындағы Үлкен мешіті орталығының Бас директоры, Мәртебелі доктор Юсеф Абдулла Аль-Обейдли бастаған делегациямен кездесу өтті.

Кездесу барысында Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы архив саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту, тарихи-мәдени мұраны сақтау және цифрландыру, архивтік құжаттармен жұмыс істеу, ғылыми және кәсіби тәжірибе алмасу, сондай-ақ бірлескен мәдени-ағартушылық жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.

Қазақстан Республикасы Ұлттық архиві БАӘ мәдени-ғылыми ұйымдарымен кәсіби байланыстарды 2018 жылдан бері жүргізіп келеді. Осы уақыт ішінде екі елдің мекемелері арасында бірқатар кездесулер мен өзара іс-шаралар өтіп, тәжірибе алмасу мен кәсіби ынтымақтастықтың негізі қалыптасты.

Тараптар тарихи құжаттар мен фотоматериалдарды бірлесіп зерделеу, екі елдің қарым-қатынас тарихына арналған көрме жобаларын ұйымдастыру, сондай-ақ архивтік және мәдени мұраны көпшілікке таныстыру бағыттарында өзара іс-қимылды дамытудың әлеуеті зор екенін атап өтті.

Кездесу соңында тараптар архив ісі мен мәдени мұраны сақтау саласындағы кәсіби байланыстарды одан әрі дамытуға, тәжірибе алмасуды жалғастыруға және ортақ жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға мүдделі екендерін білдірді.