«Архив және болашақ ұрпақ» республикалық ашық есік күні өтті

21 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Ұлттық архивінде «Архив және болашақ ұрпақ» республикалық ашық есік күні өтті.

Шараға Астана қаласының мектеп оқушылары, колледждер мен жоғары оқу орындарының 1–2 курс студенттері қатысты. Қатысушылар архив қызметімен танысып, тарихи құжаттардың қалай сақталатынын көріп, архив мамандарының күнделікті жұмысы туралы мағлұмат алды.

Ашық есік күні аясында Ұлттық архив қорларындағы құжаттар негізінде арнайы көрме ұйымдастырылды. Көрмеге архивтің жеке тектік қорларында сақталған белгілі тұлғалардың мектеп кезіндегі күнделіктері, мақтау қағаздары, хаттары және басқа да жеке құжаттары қойылды. Бұл құжаттар арқылы бүгінгі жас ұрпақтан жарты ғасыр бұрын өмір сүрген балалардың күнделікті тыныс-тіршілігі, қызығушылығы, арманы мен сол кезеңдегі өмірі туралы түсінік берілді.

Көрме барысында өткен дәуірдің балалары мен бүгінгі балалардың өміріндегі сабақтастыққа назар аударылып, уақыт өзгергенімен, бала арманы мен болашаққа деген үміттің мәні өзгермейтіні көрсетілді.

Шараның арнайы бағдарламасына Астана қаласының Қуыршақ театры да қатысты. Архив қызметкерлерінің сценарийі негізінде орта буын оқушыларына арналған «Ертегілер әлемі» қойылымы сахналанды.

Ашық есік күніне «Нұрлы жүрек» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының тәрбиеленушілері де қатысып, шараның барлық бағдарламасын тамашалады.

Сонымен қатар, оқушылар мен студенттерге архивтің қызметі туралы бейнероликтер көрсетіліп, тарихи құжаттарға арналған танымдық викториналар ұйымдастырылды.

Шараның тағы бір маңызды бөлігі – балалардың болашақ ұрпаққа арнап хат және шағын эссе жазуы болды. Олардың жазбалары арнайы архивтік қорапқа салынып, Ұлттық архивте ұзақ мерзімді сақтауға қабылданды. Бұл жазбалар араға 50 жыл салып, бүгінгі балалардың өз заманы туралы қалдырған дерегі ретінде қайта оқылмақ.

«Архив және болашақ ұрпақ» ашық есік күні тарихи құжаттың өткенді танытатын дерек қана емес, бүгінгі ұрпақтың да тарихын сақтайтын аманат екенін көрсетуге мүмкіндік берді.