![]()

Ұлттық архив халықаралық конференцияда Н. Батпенов мұрасын ұсынды
2026 жылғы 10 қыркүйекте Астана қаласындағы Назарбаев Университетінде Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 35 жылдығына және ҚР ДСМ «Академик Н.Ж. Батпенов атындағы Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығы» ШЖҚ РМК-ның 25 жылдығына арналған «Пәнаралық травматология және ортопедия: диагностикадан оңалтуға дейін» атты травматолог-ортопедтердің халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтуде.
Конференция аясында Қазақстан Республикасының Ұлттық архиві бүкіл ғұмырын травматология және ортопедия саласындағы практикалық, ғылыми және педагогикалық қызметке арнаған, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, медицина ғылымдарының докторы, академик Нұрлан Жұмағұлұлы Батпеновтың архивтік құжаттарынан көрме ұйымдастырды.
Көрмеге Нұрлан Жұмағұлұлы Батпеновтың өмірі мен кәсіби қызметінен сыр шертетін 50-ден астам құнды архивтік құжаттар, фотосуреттер мен марапаттары – «Құрмет» ордені, «Ерен еңбегі үшін» медалі және оларға қатысты куәліктері, сондай-ақ баспасөз беттерінде жарияланған ғылыми еңбектері ұсынылды.
Көрме арқылы көрермендерге көрнекті ғалым, білікті дәрігер әрі ұстаз Н.Ж. Батпеновтың медицина ғылымы мен денсаулық сақтау саласының дамуына қосқан елеулі үлесі таныстырылды.

