

Ұлттық архивте архив саласын цифрландыру мәселелері талқыланды
2026 жылғы 20 қарашада Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының Ұлттық архивінде «Цифрлық трансформация жағдайында архив ісін дамыту перспективалары» тақырыбында республикалық семинар өтті.
Іс-шараға еліміздің архив мекемелерінің басшылары мен сала мамандары қатысты.
Семинар барысында министрліктің архив саласын цифрландыру бағытындағы жұмыстары, Қазақстан архившілері мен құжаттанушылары одағының қызметі және өңірлік филиалдарын құру мәселелері қарастырылды. Сонымен қатар, істер номенклатураларын сараптамалық тексеруде жасанды интеллектіні қолдану, AIQALAM платформасының мүмкіндіктері, архив саласын цифрландырудың қазіргі жай-күйі мен даму перспективалары жөнінде баяндамалар жасалды.
Қатысушылар цифрлық технологияларды архив жұмысына енгізу, құжаттарды өңдеу мен сараптау үдерістерін жетілдіру, кәсіби ынтымақтастықты нығайту мәселелері бойынша пікір алмасты.
Семинар архив саласындағы өзекті мәселелерді талқылап, тәжірибе алмасуға және цифрлық жаңғыру бағытындағы ортақ міндеттерді айқындауға мүмкіндік берді.





