Степногорск оқушылары ұлттық архивтің жұмысымен танысты

2026 жылғы 9 қазанда Қазақстан Республикасы Ұлттық архивіне Ақмола облысы Білім басқармасының Степногорск қаласы бойынша білім бөлімінің Л.Н. Толстой атындағы № 4 мектеп-гимназиясының 9–11-сыныптарында оқитын 50 оқушысы келді. Оқушыларға үш педагог жетекшілік етті.

Танымдық сапардың мақсаты – жас ұрпақты Ұлттық архивтің қызметімен таныстыру, тарихи құжаттардың маңызын түсіндіру және отандық тарихты архив деректері арқылы тануға қызығушылығын арттыру.

Сапар барысында оқушыларға Ұлттық архивтің негізгі қызмет бағыттары таныстырылып, архив құжаттары мен тарихи мұраға арналған көрме көрсетілді. Архив жұмысының ерекшеліктері туралы бейнероликтер ұсынылып, оқушылардың тарихи танымын кеңейтуге бағытталған викторина ұйымдастырылды.

Сонымен қатар оқушылар құжаттарды қалпына келтіру (реставрациялау) және цифрландыру үдерістерімен танысты. Мамандар архив құжаттарын сақтаудың, олардың түпнұсқалығын қорғаудың және цифрлық форматқа көшірудің маңызын көрсетті.

Экскурсия оқушыларға тарихи құжаттардың қалай сақталып, келешек ұрпаққа жеткізілетінін жақыннан көруге мүмкіндік берді. Мұндай кездесулер жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыруға, ұлттық мұраға құрметін арттыруға және архив ісінің қоғам өміріндегі маңызын түсінуге ықпал етеді.

Ұлттық архив өз есігін өскелең ұрпаққа ашып, ел тарихын танытуға және тарихи жадыны сақтауға бағытталған ағартушылық жұмыстарын жалғастырады.