Ұлы тұлғаларды дәріптеуден ұтарамыз көп
Тәуелсіздікке қолымыз жеткеннен бастап еліміздің саяси, құқықтық, әлеуметтік-экономикалық маңызы бар құжаттарын жинау және тарихымызды парақтаушы келешек ұрпақ үшін баянды етіп сақтап, құжат көзін ашу Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің негізгі міндеттерінің бірі болып табылады. Осы мақсатта қоғамның саяси-әлеуметтік, мәдени-рухани ахуалы ұдайы жеке тұлғалар болмысы арқылы көрініс табатындықтан, мемлекет және қоғам қайраткерлерінің жеке құжаттарын жинақтап келеміз. Ұлттық архив қорының негізгі құнды бөліктерінің бірін жеке тектік архив қорлары құрайды. Олар тарихи деректердің негізгі бөліктерін құрап, бірегей ретроспективті ақпаратты қамтиды. Жеке тектік қорлардың деректік маңызы әсіресе, әдебиет тарихын, ғылым мен өнер тарихын және жеке тұлғалардың қоғамдық-саяси қызметі мен өмір жолын зерттеуде арта түспек. Сонымен қатар, аталған жеке қордың тағы бір ерекшелігі олардың сипаты, мазмұны мен маңызының әртүрлі, сан қырлы болып келетіндігінде.
Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы Ұлттық архиві жеке қорларының тізімі белгілі зерттеуші-ғалым, музейтанушы Әбдешев Марат Ескендірұлының есімімен толықтырылды. Марат Ескендірұлы 1945 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Марқакөл (Күршім ауданы) ауданында дүниеге келген. Қазақ Мемлекеттік Университетінің тарих факультетін тәмамдаған. Қазақстанның Мемлекеттік Орталық музейінде 30 жылдан астам еңбек етіп, қазақтың көптеген көне мұраларын жинап, зерттеп, анықтаған. Музей экспозиционері ретінде еліміздің 60-қа жуық музей экспозициясының ғылыми-музейлік жобаларының авторы болған және олардың құрылуына тікелей атсалысқан.
Марат Ескендірұлы Салық Аманжолов, Базарбай Мәмбетов, Сатылған Сабатаев, Мұхаметжан Тынышбаев, Уәлитхан Танашев, Ғұбайдолла Бердиев, Шафқат Бекмұхамедов, т.б. көптеген Алаш қайраткерлерінің өмірі мен шығармашылығына қатысты энциклопедиялық және 100-ден астам ғылыми-танымдық мақалалар жазған.
Кезінде Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынов «Қазақ – жоқ іздеген халық» деп жазған еді. Яғни, рухани және материалдық мұраларымызды өзге жұрт тасып әкеткен, жоғалтқан замандар болды. Осы күнге дейін халқымыз соны түгендеумен, іздеумен келеді.
Қазіргі жаһандану заманында елдікті сақтап, тәуелсіздігімізді баянды ету жолында ұлттық тарихымызды ұлықтай түсуіміз керек екенін түсінген Марат Ескендірұлының ерекше қызығушылық танытып, ғылыми қызметкер ретінде ел арасынан, алыс-жақын шетелдермен байланысып, жинақтаған, зерттеген дүниесі – Алаш қайраткерлері және ең алғашқы қазақ оқығандары туралы мәліметтер болып табылады. Аталған ізденістің нәтижесінде қор иесінің соңғы ширек ғасырдағы өзі іздеп тауып, жинап, анықтап, музей қорына өткізген және баспасөз беттерінде жарияланған ХІХ ғасырдың орта шенінен басталған қазақтардың фото бейнелері еніп, нақты деректер берілген “Қазақ портреттері”, “Алаш Орда министрлері” кітаптары жарық көрді.
М. Ескендірұлының жеке қорынан тарихымыз бен мәдениетіміздің қасиетті тұғырына көтерілген ең алғашқы қазақ оқығандары, соның ішінде Алаш үкіметінің мүшелері болған зиялыларымыз туралы қор иесінің архивтер мен қорлардан жинақтаған, зерттеген құнды дүниелерін көреміз. Бұл құжаттардың қазіргі біздің жастарға және кейінгі ұрпаққа берері мол. Ұлттық архивтің жеке қорларының қатарын толықтырған Марат Ескендірұлының құжаттары ізденімпаз зерттеушілердің қызығушылығын тудыратыны күмәнсіз.
Әсия Керімтаева, ҚР Ұлттық архивінің
жеке тектік құжаттармен жұмыс
жүргізу бөлімінің басшысы