Белгілі шығыстанушы Болат Көмеков – 80 жаста!
Бүгін шығыстанушы, ғалым, тарих ғылымдарының докторы, Қазақстан ҰҒА-ның коррепондент-мүшесі Көмеков Болат Ешмұхамбетұлы 80 жасқа толып отыр. Ғалым Қазақстанның ортағасырлық тарихын, тарихи географиясын араб, парсы, көне түркі жазба ескерткіштері негізінде зерттеуші. Тарих ғылымдарында алғаш рет көне түркі тайпасы – қимақтардың мемлекет құрылымы болғанын ғылым тұрғыда шығыс деректері бойынша негіздеген. Қимақтардың қалалық мәдениеті болғанын, егін шаруашылығы белгілі деңгейде дамығанын араб, парсы және көне түркі деректері негізінде дәлелдеді. Қыпшақтану саласы бойынша қалыптасқан ғылыми бағытты одан әрі дамытып, Орта Азия мен Шығыс Еуропадағы және Таяу Шығыстағы қыпшақ тайпаларының өзара байланысын зерттеп, оны ортағасырлық дәуірдегі халықаралық байланыстың ерекші үлгісі ретінде көрсете білді. Оның басшылығымен құрылған Халықаралық қыпшақтану ортасы Мысыр, Сауд Арабиясы, Ливия, Түркия, Иран, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Украина, Армения секілді елдердегі ортағасырлық этностар тарихын зерттейтін ғалымдармен тығыз байланыс орнатқан. Көмеков Болат Ешмұхамбетұлы 2006 жылы Әл-Идриси «Сурат әл- ард» («Жер беті суреті») – Қазақ жеріндегі ежелгі қалалар, таулар мен өзендер жайлы картасын Қазақстан Республикасының Ұлттық архивінің салтанатты ашылуында Ұлттық архив қорына табыстады. Ғибраты мол ғалым архивпен әркезде тығыз байланыста.
Көмеков Болат Ешмұхамбетұлының 80 жасқа толған мерейтойымен құттықтап, зор денсаулық, отбасына амандық тілейміз!