Тележурналист Бейбіт Құсанбектің туған күні!
Бүгін Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің жеке тек қор иесі – қазақ журналистикасында өзіндік қолтаңба, өшпес із қалдырған, қаламы қарымды, сөзі сүбелі тележурналист Бейбіт Құсанбектің туған күні. Алаштың ардақты ұлы тірі болғанда 58 жасқа толар еді. Қазақстандық журналистиканың қалыптасуы мен дамуынан сыр шертетін журналистің жеке құжаттарын өшпес мұра болып халыққа насихаттау мақсатында жұбайы Исахан Ғазиза Тұрмағамбетқызы Қазақстан Республикасының Ұлттық архивіне тапсырған.
Бейбіт Құсанбек Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін және Мәскеу қаласындағы КСРО Мемлекеттік телерадио біліктілік көтеру институтының телекомментаторлар курсын бітірген. Алғаш еңбек жолын «Жастар» әдеби драмалық хабарлар редакциясында редактор, саяси шолушы болып бастаған. Кейіннен «Алатау» телеарнасының директоры, «Хабар» агенттігінде продюсер, тележүргізуші қызметтерін атқарды.
Әр жылдары «Арай», «Құрдастар», «Мұхиттың арғы жағы – Америка», «Омбыдағы қазақтар», «Жадыра», «Көкпар», «ХХ ғасырдың жиырма сәті», «Кездесу», «Үркер», «Ойталас», «Дәуірнама», «Тіл», «Дидар», «Ел ағалары», «Бір сәт және бүкіл ғұмыр» сынды т.б. хабарлары жарық көрді.
Сонымен қатар, репрессияға ұшырап, қайта ақталған арыстарымызға арналған «Халық зердесі» және өнер саңлақтары туралы жасаған «Алты арыс» бағдарламаасы әлі күнге ел есінде. Бейбіт Құсанбектің аймақтық, облыстық, республикалық телеарналарда бұдан басқа да көптеген авторлық бағдарламалары көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Бүгінгі таңда жеке қор иесінің архив қойнауындағы құжаттары жас қаламгер журналистердің, зерттеушілердің үлкен қызығушылығын тудырып, тілімізді, әдебиетіміз бен мәдениетімізді сүюді дәріптеуде бағыт-бағдар болып келеді.
Бейбіт ағамыздың аяулы жары Ғазиза Тұрмағамбетқызы мен артында қалған ұрпақтарына зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілейміз!