Виртуалды көрме
Әр адам өз Отанын, елін, жерін және тарихын мақтан тұтады, ал мемлекет пен оның өткен тарихын рәміздері айқындайды. Мемлекеттік атрибутиканың мазмұнын түсіну, олардың мәнін ұғыну – осы мемлекетіміздің маңызды элементтеріне деген құрметті арттыра түседі.
Тәуелсіздік алған алғашқы күндерден бастап жаңа жас мемлекет – Қазақстан Республикасының басты мақсаттарының бірі мемлекеттік рәміздерін дайындау және бекіту болды. Оларды дайындау Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігінің қалыптасу тарихында ерекше орын алды. Жаңа символдарды жасауға мыңдаған қазақстандықтар қатысты. «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заң 2007 жылы 4 маусымда қабылданды. Осы Заңға сәйкес жыл сайын 4 маусым Қазақстан Республикасында Мемлекеттік рәміздер күні ретінде мерекеленеді.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік туы – ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Тудың сабының тұсында ұлттық өрнек тік жолақ түрінде нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік туының авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Шәкен Ниязбеков.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы – дөңгелек пішінді және көгілдір түсті шаңырақ түрінде бейнеленген, шаңырақтан шыққан уықтар күн сәулесін еске салады. Оң жағы мен сол жағында аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі орналасқан. Жоғарғы бөлігінде – бес бұрышты көлемді жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «Қазақстан» деген жазу бар. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік елтаңбасының авторлары – белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов.
Еліміздің мемлекеттік гимні егеменді Қазақстанның тарихында екі рет – 1992 және 2006 жылдары бекітілді. Республика мемлекеттік егемендігін иеленгеннен кейін, 1992 жылы Қазақстан әнұранының музыкасы мен мәтініне байқау жарияланды. Байқау қорытындысы бойынша Қазақ КСР гимнінің музыкалық редакциясын сақтау туралы шешім қабылданды. Осылайша тәуелсіз Қазақстанның алғашқы гимінің музыкасының авторлары Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский және Латиф Хамиди болды. Сонымен қатар, үздік мәтінге жарияланған байқауда авторлар ұжымы, белгілі ақындар Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев және Жадыра Дәрібаева жеңіп шықты.
2006 жылы жаңа мемлекеттік гимн қабылданды. Оның негізі ретінде халықтың арасында кеңінен танымал «Менің Қазақстаным» патриоттық әні таңдап алынды. Ол әнді Шәмші Қалдаяқов 1956 жылы Жұмекен Нәжімеденовтің сөзіне жазған болатын. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әнге мемлекеттік гимн жоғары мәртебесін беру және анағұрлым салтанатты шырқалуы үшін музыкалық туындының бастапқы мәтінін өңдеді. Қазақстан Парламенті 2006 жылы 6 қаңтарда палаталардың бірлескен отырысында «Мемлекеттік рәміздер туралы» Жарлыққа тиісті түзету енгізіп, еліміздің жаңа мемлекеттік гимнін бекітті. Бұрын «Менің Қазақстаным» әні ретінде танымал болған Қазақстанның гимні Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша 2006 жылы 6 қаңтарда еліміздің Парламентінде бекітілді. Бірінші рет ол 2006 жылы 11 қаңтарда Мемлекет басшысының салтанатты ұлықтау рәсімінде орындалды. Әннің авторы Шәмші Қалдаяқов, сөзін жазғандар: Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Республикасы мемлекеттік рәміздері күніне орай Қазақстан Республикасының Ұлттық архиві қорларында сақталатын егеменді Қазақстанның басты атрибуттары – ту, елтаңба, әнұранның қалыптасу тарихынан сыр шертетін құжаттар топтамасы ұсынылады.