ҚР Ұлттық архивінде мемлекет қайраткері, құжаттанушы Мирболат Хабиұлы Жақыповтың 70 жылдық мерейтойына орай «Ерен еңбек иесі» атты жеке қорының ашылу

17 сәуір күні ҚР Ұлттық архивінде мемлекет қайраткері, құжаттанушы Мирболат Хабиұлы Жақыповтың 70 жылдық мерейтойына орай «Ерен еңбек иесі» атты жеке қорының ашылу салтанаты өтті.
Шараға ҚР Премьер-Министрдің кеңесшісі Ералы Лұқпанұлы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Бақтықожа Салахадинұлы мен Абзал Темірғалиұлы, белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері және Мирболат Хабиұлының отбасы мүшелері қатысты.
Мирболат Хабиұлы еліміздегі құжат айналымы мен іс жүргізу саласында елеулі өзгерістер енгізіп, аталған саланың дамуына тікелей себепші болған тұлға. Жаңаша іс жүргізу сөздігінің, сонымен қатар газет және журнал беттерінде жарық көрген жүздеген мақалалардың, кітаптардың авторы.
«Құрмет», «Парасат», «Достық» ордендерінің және «Ерен еңбегі үшін», тағы басқа көптеген мерейтойлық медальдардың иегері. Бүгінгі таңда Мирболат Хабиұлы Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлері Салалық кәсіподағының Төрағасы.
Іс-шараға Мирболат Хабиұлы Жақыповтың жеке қорынан алынған 50-ге жуық өмір деректерінен сыр шертер құжаттар қойылды. Нақтырақ айтар болсақ, ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың БҰҰ бас хатшысы Хавьер Перес де Куэльяраға Қазақстанды БҰҰ мүшелігіне қабылдау туралы хаты, ҚР Президенті Қ.К. Тоқаевқа латын графикасындағы жаңа қазақ әліпбиін дайындау мәселесі бойынша, ҚР Премьер-Министрі К.Мәсімовке ҚР Президенті архивіндегі құпиясыздандырылған қорлар бойынша жазылған хаттары, ҚР Конституциясы жобасының соңғы нұсқасы, әртүрлі мемлекеттік қызметке тағайындау туралы бұйрықтары, ҚР Ұлттық архиві Ғылыми кеңесіне қатысты құжаттары қойылды.