АШЫҚ ЕСІК КҮНІ АЯСЫНДА ҰЛТТЫҚ АРХИВКЕ 1200-ДЕН АСТАМ БАЛА КЕЛДІ
2024 жылғы 20 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінде «Архив және болашақ ұрпақ» республикалық ашық есік күні өтті. Іс-шараның салтанатты ашылу рәсіміне ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Рустам Али, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұқаев Дәулет Төлеутайұлы, «Қазақстан Республикасының Ұлттық архиві» РММ директоры Нұрланова Сағила Есімсейітқызы, Қазақстан Республикасы Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының директоры Болдыков Жандос Бекділдәұлы, «AMANAT» партиясы Есіл аудандық филиалының атқарушы хатшысы Жүсіпова Санира Орынтайқызы, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен Әсел Алдиярқызы мен Зульфия Темірханқызы және басқа да қоғам белсенділерімен БАҚ өкілдері, Еуразиялық банктің қызметкерлері, мектеп оқушылары мен колледж, ЖОО студенттері қатысты.
Жобаның негізгі идеясы еліміздің мемлекеттік архивтерінде түрлі жастағы балаларды кеңіненқамтитын іс-шаралар кешенін өткізу. Оларға Ұлттық архивтің жұмысы жан-жақты таныстырылып, түрлі көрмелер ұйымдастырылып, архив жұмысы туралы деректі фильм көрсетілді. Викториналар мен интеллектуалды ойындар да ұйымдастырылды.
Сонымен қатар, балаларға Ұлттық архив құжаттары қалай қабылданатыны, олар қалай цифландырылатыны, бүлінген құжаттарды қалпына келтіру лабораториясында жұмыстың қалай жүргізілетіні таныстырылды.
Ашық есік күніне белсенді түрде қатысқан мекеме ұжымдарына «Алғыс хаттар» табыс етіліп, ҚР Ұлттық архивіндегі құжаттар негізінде жарық көрген кітаптар сыйға тартылды.
Бүгінгі ашық есік күніне Ұлттық архивке 1200-ден астам оқушылар мен студенттер келіп, архив жұмысымен танысты. Былтыр бұл көрсеткіш 700-ден асқан болатын.
Архив – өткен, қазіргі және болашақ көкжиектерін байланыстыратын үлкен платформа. Бүгінгі Ашық есік күнінің басты мақсаты – өскелең ұрпақты ел тарихын, салт-дәстүрін зерттеуге тарту, Отанға, туған жерге деген патриоттық сезімдерін арттыру, ғылыми-зерттеу жұмыстарына ынталандыру, архивтік құжаттар мен архив саласының тарихи маңызын сезіндіре отырып сала мамандарының еңбегін насихаттау.
Айта кетейік, осыдан екі жыл бұрын ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен қолға алынған «Архив және болашақ ұрпақ» жобасы жыл сайын өткізіліп тұратын болып бекітілген. Биыл үшінші рет өткізілген бұл іс-шараның маңыздылығы жылдан жылға артып келе жатқанын оқушылардың қызығушылығынан анық байқауға болады.
Бүгін Ашық есік күні республика бойынша 223 архив мекемесінде ұйымдастырылуда.