ҚР ҰЛТТЫҚ АРХИВІНДЕ АҚЫН ҚАДЫР НҮСІПАҚЫНҰЛЫ ӘЛІМҚҰЛОВТЫҢ ЖЕКЕ ТЕК ҚОРЫ АШЫЛДЫ
ҚР Ұлттық архивінде Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, журналист, прозашы, сазгер, ақын Қадыр Нүсіпақынұлы Әлімқұловтың жеке тек қоры ашылды.
Іс-шараның мақсаты – Қадыр Әлімқұловтың жеке тек қорын ашу арқылы шығармашылығын насихаттау, мұраларын ҚР Ұлттық архиві қорына жинақтау және құндылығын таныту.
Шара басында Ұлттық архивтің директоры Сағила Есімсейітқызы сөз сөйлеп, жеке қор иесінің №291 сертификатын табыстады.
Архивтің жеке тек қорына ақынның көп жылғы еңбектері, шығармашылық әлеуетін көрсететін 5 томдық «Мәңгілік мұра» қолжазбалар жинағы, газет-журналдарға жарияланған мақалалары, мерекелік медальдерінің куәліктері, ҚР Тіл туралы Заңы мен Үкімет бағдарламасының орындалу барысында қор иесінің сараптама жасаған құжаттары, «Авторлық ән» номинациясы бойынша берілген жеңімпаз дипломы, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілгендігі туралы жарлығының үзіндісі секілді құнды құжаттар, сонымен қатар «Жан тұңғиығындағы жауһарлар», «Қазақ дейтін халқым бар», «Аяулым», «Қыс», «Сенім» атты өлең жинақтары табысталды.
Жиынға ҚР Ғылым академиясының академигі Шерубай Құрманбайұлы, профессор, ЕҰУ-дың кафедра меңгерушісі Мұратбек Арпабеков, математика ғылымдарының докторы, профессор Әбілмәжін Адамов, суретші, өнер зерттеуші, жазушы Жеңіс Кәкенұлы, ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Нұрлан Қалқа және архив қызметкерлері қатысты.
Қадыр Нүсіпақынұлының көпшілікке белгілі «Туған ауыл», «Арман боп қалқыдың», «Көкегім» әндері республикалық радиоларда тұрақты шырқалса, «Тағдыр көзіндегі тамшы», «Жан тұңғиығындағы жауһарлар», «Ғашықтық ғұмыр», «Тәуелсіздік», «Сартап сағынышым сағымданған» өлең жинақтары оқырманның ыстық ыстық ықыласына бөленген. Сонымен қатар қаламгердің «Сүзге сұлу», «Жүгініс түні жеткенде» драмасы жергілікті театр сахнасында қойылуда.