ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы өтті
Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы өтті. Оған ҚР Президент әкімшілігінің өкілдері, ҚР Парламентінің депутаттары, мемлекеттік архив басшылары және ҚР Ұлттық архивінің директоры Сағила Нұрланова және басқа да Орталық мемлекеттік, жергілікті атқарушы органдар өкілдері қатысты. Алқа отырыс аясында Ұлттық архив қорындағы құнды құжаттар көрмеге қойылды.
Алқа мәжілісінде сөз сөйлеген Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Мемлекет басшысының мемлекет мүддесі, қоғамның қажеттіліктері мен цифрлық даму тенденцияларын ескере отырып, архив саласы да бірнеше өзгеріске ұшырайтыны туралы айтты:
«Жаһандық цифрлану процесі архив саласын да айналып өткен жоқ. Осы орайда құжаттардың бірыңғай электрондық архиві, ақпараттық жүйесі әзірленді. Бүгінде аталмыш жүйеге 591 ұйым қосылды. Өткен жылы ақпараттық жүйе 103 талаппен толықтырылып, модернизациядан өтті. Биылғы жоспарға сәйкес, мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар электрондық құжаттарды мемлекеттік сақтауға тапсырады. Барлық ведомство мен жүйелердің кітапханаларына қазақстандық ұлттық-электрондық кітапхана кезең-кезеңімен енгізіледі. Биылғы бірінші тоқсанда пилоттық жобаға қосылатын 2 облыстық кітапхана анықталды», – деді министр.
Архивтегі жәдігер құжаттарды сақтап-баптау ұрпақтың қолында екенін айта отырып, ҚР Орталық мемлекеттік архиві жанынан 700 000 сақтау бірлігіне арналған архив қоймасын салу жоспарланғанын хабарлады:
«Жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтуде. Аяқталу мерзімі – наурыз айы. Құрылысы содан кейін басталады. Дегенмен архив саласындағы басты міндет – оларды түгелдей цифрландыру. Бұл жұмыстың қарқынын едәуір үдететін боламыз және бұл менің министр ретіндегі бірінші қойып отырған талабым», – деді Аида Балаева.