«Туады ерлер ел үшін» атты Ауған соғысы ардагерлерімен кездесу кеші өтті
2024 жылдың 13 ақпанында Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің ұйымдастыруымен «Туады ерлер ел үшін» атты Ауған соғысы ардагерлерімен кездесу кеші өтті. Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылуына 35 жыл толуына орай ұйымдастырылған бұл кеште Ұлттық архив қорында сақталған Ауған соғысына қатысты маңызы зор құжаттар мен фотокөрме де назарға ұсынылды.
Қазіргі таңда елімізде 10 мыңға жуық Ауған соғысының ардагерлері болса, олардың 3 мыңы мүгедектер қатарында. Әскери-патриоттық кешке ерен ерлігімен, жүрекжұтқан батылдығымен танылған, сұрапыл соғыста жаны мен тәнін құрбан етуге дайын болған халық қаһармандары Жүсіп Сұлтанхан Аққұлұлы, Төлешев Толқындат Нәсіпқалиұлы, Кенжебеков Серік Мүбаракұлы, Көбенов Төлеубек Айтұлы, Ерік Отаралиев, сонымен қатар армия генералы С. Нұрмағамбетов атындағы Әскери колледжінің тәрбиеленушілері, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің ұстаздары мен студенттері, Ұлттық архив қызметкерлері мен БАҚ өкілдері қатысты. «Астана мерей» халықаралық байқаудың дәстүрлі ән айту номинациясының жүлдегері Хамитов Рустемнің орындауындағы «Самалтау» халық әні, халықаралық байқаулардың жеңімпазы, Италия, Түркия, Ресей, Грузия, Болгария, Македония, Мальта секілді көптеген елдерде өнерін паш етіп, қазақтың туын көкте желбіретіп жүрген жас дарын Амангелдиев Асыланның орындауындағы «Гүлстан –Қазақстан» әндері шырқалды.