«Теңге – Тәуелсіздік символы» атты құжаттық көрме өткізілді
15 қараша Ұлттық валюта – теңге күніне орай Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Қазақстан Республикасы Ұлттық архиві мен Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Мемлекет тарихы институты «Теңге – Тәуелсіздік символы» атты құжаттық көрме өткізді.
Көрменің мақсаты Ұлттық архив қорында сақталған төл теңгеміздің тарихына қатысты құнды құжаттарды өскелең ұрпаққа таныстырып, теңгенің шығу тарихын жан-жақты насихаттау. Тәуелсіздігіміздің символы болып табылатын Ұлттық валютамыз арқылы жас ұрпақтың бойына Отанға деген сүйіспеншілік пен мақтаныш сезімін орнатып, олардың өз елінің патриоттары болып қалыптасуына ықпал ету.
Көрмеге Қазақстан Республикасы Президентінің Ұлттық валюта – теңгені енгізу жөніндегі шешімі, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Төралқасы мен Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің Президент шешімін мақұлдаған Қаулысы және басқа да маңызды құжаттар қойылды.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің директоры Сағила Нұрланова, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Аяған, ҚР ҒЖБМ Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары, педагогика ғылымдарының кандидаты Жабай Қалиев және басқа да зиялы қауым өкілдері, тарихшы ғалымдар, Ұлттық архив қызметкерлері, Ақмола облысы Қорғалжын ауданы Үсенов атындағы Сабынды орта мектебінің ұстаздары мен 9-11 сынып оқушылары қатысты.
Көрме аясында тарихшы ғалымдар оқушыларға ұлттық валютамыздың қалай жасалғаны, қолданысқа қандай жағдайда енгізілгені туралы қызықты деректер келтіріп, мағыналы лекция оқыды. Ұлттық архив ұжымы көрмемен қатар архив жұмысымен таныстырып, балаларға экскурсия ұйымдастырды. Оқушылар арасында виктариналық сұрақтар қойылып, шағын интеллектуалды ойындар өткізілді.