Архивтегі ашық есік күні
2023 жылғы 21 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінде «Архив және болашақ ұрпақ» республикалық ашық есік күні өтуде. Іс-шараның салтанатты ашылу рәсіміне ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің басқарма басшысы Ибраим Бабаев, ҚР еңбек сіңірген әртісі, «Парасат» орденінің иегері Ерік Жолжақсынов, ҚР Ұлттық архиві директорының м.а. Тұрсынгүл Құсайынова, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Арайлым Мұсағалиева, «Аманат» партиясының белсендісі Айдос Шарипжанов және басқа да қоғам белсенділері мен БАҚ өкілдері, мектеп оқушылары мен колледж, ЖОО студенттері қатысты.
Жобаның негізгі идеясы еліміздің мемлекеттік архивтерінде түрлі жастағы балаларды кеңінен қамтитын іс-шаралар кешенін өткізу. Оларға Ұлттық архивтің жұмысы жан-жақты таныстырылып, түрлі көрмелер ұйымдастырылып, архив жұмысы туралы деректі фильм көрсетілуде. Викториналар мен интеллектуалды ойындар да ұйымдастырылуда.
Сонымен қатар, балаларға Ұлттық архив құжаттары қалай қабылданатыны, олар қалай цифландырылатыны, бүлінген құжаттарды қалпына келтіру лабораториясында жұмыстың қалай жүргізілетіні таныстырылды.
Ашық есік күніне белсенді түрде қатысқан Д. Қонаев атындағы № 66 мектеп-лицейінің, М. Шоқай атындағы № 51 мектеп-гимназиясының, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті Тарих факультетінің, Еуразия гуманитарлық институтының, М. Нәрікбаев атындағы Қазақ гуманитарлық заң университетінің, С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің және басқа да оқу орындарының ұжымдарына «Алғыс хаттар» табыс етіліп, ҚР Ұлттық архивіндегі құжаттар негізінде жарық көрген кітаптар сыйға тартылды.
Бүгінгі ашық есік күніне Ұлттық архивке 700-ден астам оқушылар мен студенттер келіп, архив жұмысымен танысты. Былтыр бұл көрсеткіш 500-ден асқан болатын.
Архив – өткен, қазіргі және болашақ көкжиектерін байланыстыратын үлкен платформа. Бүгінгі Ашық есік күнінің басты мақсаты – өскелең ұрпақты ел тарихын, салт-дәстүрін зерттеуге тарту, Отанға, туған жерге деген патриоттық сезімдерін арттыру, ғылыми-зерттеу жұмыстарына ынталандыру, архивтік құжаттар мен архив саласының тарихи маңызын сезіндіре отырып сала мамандарының еңбегін насихаттау.
Айта кетейік, былтырғы жылы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен қолға алынған «Архив және болашақ ұрпақ» жобасы жыл сайын өткізіліп тұратын болып бекітілген. Биыл екінші рет өткізілген бұл іс-шараның маңыздылығы жылдан жылға артып келе жатқанын оқушылардың қызығушылығынан анық байқауға болады.
Бүгін Ашық есік күні республика бойынша 223 архив мекемесінде ұйымдастырылуда.