С.Оразалиннің мұраларын Ұлттық архив қорына қабылдау
2023 жылдың 28 сәуірі күні Қазақстан Республикасы Ұлттық архиві мен «Қазақстан» РТРК бірлесіп ұйымдастыруымен журналист, жазушы, теледраматург әрі қоғам қайраткері Сұлтан Шәріпұлы Оразалиннің мұраларын Ұлттық архив қорына қабылдауға және көптомдық жинағының тұсаукесеріне арналған іс-шара болып өтті. Іс-шараға ҚР Саяси ғылымдар академиясының академигі Қуаныш Сұлтанов, Филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Бауыржан Омаров, Қоғам және мемлекет қайраткері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбай, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Архивтер және құжаттаманы басқару комитетінің төрағасы Қуат Бораш, «Қазақстан» РТРК төрайымы Ләззат Танысбай және басқа да зиялы қауым өкілдері мен туған-туысқандары, үзеңгілес әріптестері мен үлгісін көрген шәкірттері қатысты. Іс-шара барысында Сұлтан Шәріпұлының замандастары, әріптестері, шәкірттері ол кісінің қазақ телевизиясын дамытуда атқарған еңбегі жайында айтып, өмірі мен шығырмашылығы туралы естеліктерімен бөлісіп, ұлт үшін жасаған ірі істерін тілге тиек етті.
Сонымен қатар, қаламгердің 7 томдық таңдамалы шығармалары жинағының тұсаукесер рәсімі болып, келген қонақтарға сыйлық ретінде таратылды. Айта кетейік, С. Оразалының мұрагері – ұлы Д. Оразалинов 2023 жылдың наурыз айында Қазақстан Республикасының Ұлттық архивіне жеке құжаттарын тапсырды. Құжаттарға ғылыми-техникалық сараптама жүргізіліп, нәтижесінде 1940-2021 жылдар аралығын қамтитын тұрақты сақталатын құжаттардың №1 тізімдемесі жасалған болатын.
***
***