Заңсыз ескерткіштер орнатуға тиым салу керек – Мемлекет басшысы
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Премьер-Министрінің, мемлекеттік органдар басшыларының, облыстар мен Астана, Алматы, Шымкент қалалары әкімдерінің қатысуымен өткізген кеңес барысында белгілі бір өңірге ғана белгілі адамдарға ескерткіш, бюст орнату мәселесіне тоқталды.
«Кеңестік кезең қайраткерлеріне, соның ішінде жаппай қуғын-сүргінге тікелей қатысы бар адамдарға ескерткіш, бюст орнату ісі әлі жалғасып келеді. Өмірде болмаған ерлік істерге толы өмірбаяндар ойдан құрастырылып жатыр. Олар туралы деректер архив құжаттарында нақтыланбаған немесе мүлде жоқ. Кейбір белсенді топтар азаматтарымызды кеңестік кезеңдегі партия және мемлекет қайраткерлерінің аңызға бергісіз өмірбаяндарына сенуге мәжбүрлеп жүр», – деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Шынымен де, бұл мәселе бұрыннан бері айтылып та, жазылып та жүр. Жер-жерде атасына көше беріп, бабасына ескерткіш орнатып, ауылынан аспаған адамды Алты Алашты аузына қаратқан алып, аласапыранда қол бастаған көсем, алмағайыпта сөз бастаған шешен қып, қолдан батыр жасап жүргендер көп. Оның барлығы ауызекі әңгімемен, ешбір дәлел-дәйексіз, зерттеп-зерделеусіз жүзеге асырылатыны қынжылтады. Осынау белең алып бара жатқан бәтуасыз тірлікке Мемлекет басшысының өзі назар аударып, алдын алуды тапсырғаны көңілге медет.
Ендігі жерде құзыретті органдар осы мәселені жіті назарға алып, ескерткіш орнатылғалы, көше берілгелі жатқан адамдарды архив деректері арқылы нақтылы зерттеп барып қана, комиссиядан өткізуді заңдастыру қажет. Ол адамның елімізге, халқымызға тигізген нақты пайдасы, атқарған қомақты қызметі бұлтартпас архив құжаттары арқылы дәлелденсе ғана, ескерткішін орнатуға рұқсат берілуі тиіс. Және оларды сол тұлға шыққан өңірге емес, еліміздің басқа өңірлерінде тұғырға қондырып, жастардың санасына олардың ерлігін үлгі қылу қажет. Тек сонда ғана елдігіміз бекіп, рулық, тайпалық санадан өтіп, ұлттық, халықтық сипатқа, ауызбіршілік пен мемлекеттілікке жетеміз.