«Архив – ел тарихының қазынасы» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті
Бүгін, 4 қарашада Астана қаласының ең көрікті ғимараттарының бірі Нұр Әлем павильон-музейінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Қазақстан Республикасының Ұлттық архиві «Архив – ел тарихының қазынасы» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясын ұйымдастырды.
Бұл аталмыш шара бүгінгі таңдағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуді, нормативтік құқықтық базаны жетілдіруді, мемлекеттік архивтерді материалдық-техникалық жарақтандыруды нығайтуды, қорларды толықтыруды және отандық және шетелдік архивтерде, музейлерде, кітапханалар мен ғылыми орталықтарда сақталатын Қазақстан тарихына қатысты архивтік құжаттарды ғылыми айналымға енгізуді көздейтін «Архив-2025» жобасын іске асыру жөніндегі 2020-2023 жылдарға арналған кешенді іс-шаралар жоспарын қорытындылау негізінде іске асырылды.
Биылдың өзінде Кешенді жоспарды іске асыру аясында 14 шет елге, яғни Германия, Польша, Чехия, Түркия, Франция, Венгрия, Үндістан, Иран, Египет, Катар және басқаларына құжаттарды анықтау бойынша ғылыми экспедициялар жүзеге асырылды. Қазақстан архившілері Қазақстан тарихына қатысты 7000-нан астам құжаттар мен қолжазбалар сатып алып, оларды елдің Ұлттық архив қорын толықтырды. Құжаттық дереккөздердің хронологиялық шеңбері 918-1990 жылдар аралығын қамтиды. Барлық сатып алынған құжаттар цифрландырылды және олардың негізгі бөлігі Қазақстан Республикасының Ұлттық архивіне мемлекеттік сақтауға қабылданды.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Дәурен Әскербекұлы Абаевтың төрағалығымен өткен конференцияның жұмысына қатысқан мемлекеттік архивтердің қызметкерлері, ғылыми қоғам өкілдері, бұқаралық ақпарат құралдары, өлкетанушылар ғылыми археографиялық зерттеулер, шетелден құжаттарды сатып алу және құжаттық дереккөздерді ғылыми айналымға енгізу мәселелерін талқылап, болашаққа бағыт-бағдарларын айқындады.
Астанада өткен «Архив – ел тарихының қазынасы» атты республикалық ғылыми-практикалық конференциясында сөз алған баяндамашылар архив ісі саласында нәтижеге қол жеткен қарқынды істер мен болашақта жүзеге асатын бірқатар жобалар туралы айтып, өзекті мәселелерге де тоқталды.
Атап айтаақ: «Біз – тарлан тарихын тасқа жазған, ұлт шежіресіне ұқыпты, рухани діңгегі берік халықтың ұрпағымыз. Көшпелі ғұмыр кешкен ата-баба жолын зерделеуде кез келген тарихи жәдігер біз үшін баға жетпес байлық, құнды қазына. Кейде архивтік құжаттағы жалғыз жазба тұтас ұлттың тағдырын шешіп кетуі мүмкін. Сондықтан, бүгінгі басқосумыздың мәні осы тұрғыдан айрықша», – деп атап өтті Дәурен Абаев.
Конференция бағдарламасының аясында «Архив – 2025» фотоқұжаттық көрмесі ұйымдастырылып, көрмеге шолу жасалып, қатысушылар мен қонақтардың зор ықыласына бөленді.
Сонымен қатар, шара барысында “Мәдени мұра” және “Архив-2025” ірі жобаларының нәтижесінде жарық көрген «Отанына оралған құжаттық қазына» құжаттар мен материалдар жинағының 2 томының, сондай-ақ,қоғам және мемлекет қайраткері Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдығына арналған 12 томдық шығармалар жинағының тұсаукесерлері өтіп, көзі қарақты оқырман қауымға жол тартты.