ЕРТЕҢГІ КҮНГЕ ҮМІТ
Соңғы бірнеше күнде елімізде орын алған қиын жағдайға барлығымыздың қабырғамыз қайысты, жүрегіміз ауырды. Қаншама құқық қорғау қызметкерлері мен бейбіт тұрғындар қаза тапты, қаншамасы зардап шекті. Қаза тапқан жандардың отбасыларына, туған-туысқандарына қайғыра көңіл айтамыз. Бұдан былай елімізде мұндай жағдай болмасын деп тілейміз!
Осынау қиын-қыстау кезеңде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халқына демеу болып, батыл қимылдар жасап, елімізді террористер мен бұзақылардан аман сақтап қалды. Жаппай тәртіпсіздіктің салған лаңын жою жолында әлі де қыруар шаруа атқарылып жатыр, атқарыла да бермек. Дегенмен, жағдай біртіндеп қалыпқа түсіп, ел іші тынышталып келе жатқаны ертеңгі күнге үміт ұялатады.
Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Премьер-Министр болып Әлихан Смайылов тағайындалды. Көп жылдан бері түрлі басшылық қызметтерде жан-жақты тәжірибе жинаған білікті маман ретінде Әлихан Асханұлы Үкіметті жұмылдыра жұмыс жасап, осынау қысылтаяң шақтан аман-есен алып шығатынына бек сенімдіміз.
Аталған жиналыста Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы жағдайларға байланысты ақпараттармен бөлісіп, халықтың әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын жақсартуға арналған нақты тапсырмаларын жариялады.
Мемлекет басшысы тәртіпсіздік салдарынан зардап шеккен Алматы қаласын қалпына келтіруге бар күш жұмсалатынын айтты. Сонымен қатар, соңғы кездері халықтың наразылығын тудырып келген қымбатшылық мәселелерін оңтайлы шешуді, кезең-кезеңімен нақты экономикалық реформалар жасап, инфляцияны ауыздықтауды Үкіметке тапсырды.
Халықтың өсімі жоғары, бірақ тұрмыс деңгейі төмен батыс және оңтүстік өңірлерге арнайы бағдарламалар жасап, соған орай халықтың білімін, денсаулығын жақсартуды, жаңа жұмыс орындарын ашып, әлеуметтік жағдайын көтеруді міндеттеді.
Қатардағы мемлекеттік қызметшілер мен бюджет қызметкерлерінің жалақыларын көтеріп, мұғалім мәртебесін өсіріп, білікті ұстаздарды өңірлерге көптеп тарту қажеттігін де баса айтты.
Қазақстан халқына қаржылай демеу болатын Ұлттық қор құрып, оны қаржыландыру шараларын алпауыт компаниялар мен қалталы азаматтардың қаржысымен іске асыруды тапсыруы да елге үлкен демеу болатыны сөзсіз.
Елімізді жайлаған жемқорлық пен қағазбастылықты да қатты сынға алып, көліктерге салынатын утилизациялық салықтың көлемін азайтып, мемлекет қадағалауына өткізу туралы, LRT құрылысы айналасындағы жемқорлық әрекеттерді сынға алуы да халықтың ойын дөп басты. Енді осы мәселелер Үкімет тарапынан оң шешімін тауып, ел игілігіне айналар болса, мемлекетіміздің экономикасы нығая түсуіне зор үлес қосады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгінгі мәлімдемесінде айтылған барлық мәселелер өзекті. Осы тапсырмалар мен бастамаларды орындау жолында Президентіміздің айналасына жиналып, осынау ауыр жүкті жұмыла көтерсек қана жеңіл болмақ. Ендеше, #күшімізбірлікте екенін ұмытпайық, ағайын!
Қазақстан Республикасы
Ұлттық архивінің директоры
Сағила Нұрланова