Тәуелсіздік жылдарында Қазақстандағы тарих ғылымының дамуы
Бүгін, 2021 жылдың 14 қазанында ҚР Ұлттық архиві және ҚР ҒБМ ҒК Мемлекет тарихы институтының «Деректану, тарихнама және Отан тарихы» бөлімі бірлесе отырып ұйымдастырған «Тәуелсіздік жылдарында Қазақстандағы тарих ғылымының дамуы» атты дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға ҚР Ұлттық архивінің директоры Сағила Нұрланова, ҚР ҒБМ ҒК Мемлекет тарихы институтының Ғылыми-ақпарат бөлімінің басшысы, педагогика ғылымдарының кандидаты Жабай Қалиев, Деректану, тарихнама және Отан тарихы» бөлімінің басшысы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ғани Қарасаев, Деректану, тарихнама және Отан тарихы» бөлімінің бас ғылыми қызметкері, саяси ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор (доцент) Марал Қалиева, Деректану, тарихнама және Отан тарихы» бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері, педагогика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор (доцент) Сейітқали Дүйсен, Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының «Ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру» бөлімінің басшысы Кәмшат Пәрімбекова, Деректану, тарихнама және Отан тарихы» бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор (доцент) Қанат Еңсенов, Деректану, тарихнама және Отан тарихы» бөлімінің аға ғылыми қызметкері, PhD докторант Қайыркен Әдиет және тағы басқа да зерттеуші-тарихшылар қатысты.
Тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстан Республикасының сыртқы саясаты мәселелеріне арналып жарияланған зерттеу еңбектер, олардың ғылыми маңыздылығы, келелігі туралы сөз қозғаған тарих ғылымдарының докторы, профессор Ғани Қарасаев бүгінде Мемлекет тарихы институтының ғалымдары Еуропаның беделді ғылыми басылымдарына еліміздің жаңа тарихы туралы мақалалар шығаруда үлкен жетістіктерге жетіп отырғанын баса айтты.
«Қазақстанның тарихын шетелдерге таныту үшін Орбұлақ шайқасы сияқты теңдесі жоқ соғыс тактикасын, Абылай ханның көп векторлы дипломатиялық саясатын, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіздік жылдары әлемдік деңгейде жасаған жұмыстарын ағылшын тіліндегі ғылыми журналдарға шығару керек. Ондай жұмыстар көптеп жасалып та жатыр», – деп атап өтті ол.
Сондай-ақ, Мемлекет тарихы институтының ғылыми қызметкерлері ҚР Ұлттық архивінің «Қазақстан архивтері» атты ғылыми-танымдық журналын Жоғары аттестациялық комиссияның құрамына енгізуді ұсынып, институт тарапынан жақ-жақты қолдау көрсетуге дайын екендіктерін білдірді.
Өз кезегінде ҚР Ұлттық архивінің директоры Сағила Нұрланова Мемлекет тарихы институтының ғалымдарына алғысын білдіре келіп, болашақта бірлесіп жұмыс жасауға әрдайым дайын екенін жеткізді.
«Өздеріңіз білетіндей архив деректерін жұмыс барысында тарихшы да, архивист те қолданады. Егер кәсіби архивист тарихи құнды құжаттарды сақтап, көбейтіп, болашақ ұрпаққа жеткізсе, тарихшы мемлекеттің тарихын бейнелейтін жазба деректерді зерттеуге ұмтылады. Екі мамандық иелерінің де басты мақсаты тарихи шындықты жазуда құжаттарды қолдану болып табылады», – деп атап өтті С. Нұрланова.
Сонымен қатар, директор тарихшы ғалымдарды Ұлттық архивтегі сақталған құжаттар бойынша жарық көрген жинақтармен таныстыра келіп, жуырда баспадан шыққан «Ақселеудің асыл мұрасы» атты кітапты барлық қатысушыларға табыс етті.