Сағила Нұрланова: Биылғы Жолдауда мәдениет қызметкерлеріне ерекше назар аударылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауы бұрынғы Жолдаулардан гөрі нақты цифрлармен келтірілген статистикасымен, Үкіметтің алдына қойылған нақты тапсырмаларымен ерекшеленді деп айтуға болады.
Мемлекет басшысы Пандемиядан кейінгі кезеңдегі экономикалық дамуға басты назар аударып, осы уақыт аралығында орта мерзімді экономикалық саясатымызды айқындап, мемлекеттік бастамаларды реттеу үшін 2025 жылға дейінгі дамудың Ұлттық жоспарын және Мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесін қабылдағанымызды тілге тиек етті.
Үкімет пен Ұлттық банкке жыл соңына дейін Мемлекет қаржысын басқару тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырды. Сонымен бірге, экономиканы әртараптандыру, өндірілетін тауарлардың түрін көбейтіп, экспорт географиясын кеңейту жөніндегі жұмысты жалғастыру керектігін баса айтты.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын, денсаулық сақтау, білім беру салаларын дамытуға да басты назар аударып, қордаланып қалған проблемаларды шешудің нақты жолдарын атап өтті.
Ең бастысы, мәдениет саласының қызметкерлері ретінде бізді қуантқаны, 2022 жылдан 2025 жылға дейін мемлекет мәдениет қызметкерлері, архив саласының қызметкерлері, кітапханашылар, техникалық қызметкерлер, қорықшылар, көлік жүргізушілер және басқа да азаматтық қызметкерлердің жалақысын жыл сайын орта есеппен 20 пайызға өсіруді қолға алып отыр. Бұл мәдениет саласы қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсартуға деген үлкен қадам деп айтуға болады.
Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің қызметкерлері Президент жолдауын ерекше ықыласпен қолдады.