Ұлттық архивке – 15 жыл!
Ұлттық архив – ұлтымыздың ұйытқысы!
Ұлттық архив – ұлттық сана қоймасы!
Ұлттық архив – құнды құжат қамбасы!
Ұлттық архив – қарт тарихтың таңбасы!
Өткенін ұмытқан елдің келешегі көмескі дейді дана қазақ. Болашағың жарқын болсын десең, бабаларың басып өткен жолды барлап, тарихыңды түгендеп, ақтаңдақтарыңды ашып, тұлғаларыңды тұғырына қондырып, ғалымның хатын, жақсының атын көзіңнің қарашығындай сақтап, жас ұрпаққа жеткізе білуге міндеттісің!
Қазақстан егемендігін алып, ел болып, еңсесін тіктеген соң, тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кеткен төл тарихын түгендеп, құнды құжаттарын жинастыра бастады. Алпамыстай ай санап емес, күн санап өскен жас мемлекеттің жаңа тарихы да қаттап-қабаттап, том-том құжаттарға жүк болардай жедел қарқынмен жазылып жатты. Осының барлығын бір орталыққа тоғыстырып, шашауын шығармай, жиегін сөкпей түптеп-түгендеп, келесі жүзжылдықтар мен мыңжылдықтарға аманаттайтын арнайы ұйымның қажет екені заңды құбылыс еді.
Осылайша Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен, Елорданың ел таныған символына айналған Бәйтеректің түбінен Ұлттық архивтің ғажайып ғимараты бой көтерген-тұғын.
Ал 2006 жылдың 19 шілдесінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің № 692 қаулысымен Қазақстан Республикасының Ұлттық архиві құрылды! Содан бері 15 жылдың ішінде Ұлттық архив қаншама шетелдердің Ұлттық архивтерімен тығыз байланыс орнатып, еліміздің тарихына тікелей байланысты көптеген құнды мұраларға қол жеткізді. Еліміздегі барлық мемлекеттік мекемелердің маңызды құжаттары да дәл осы Ұлттық архивте сақталуда. Сонымен қатар, көптеген мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар мен ғалымдардың рухани мол мұрасы мен қолжазбалары да Ұлттық архив қорына қабылданған.
Архив ісіне жан-тәнімен берілген, құнды құжаттарды көзінің қарашығындай сақтауға бар ынта-шынтасымен кіріскен Ұлттық архив қызметкерлерін осынау мерейлі мерекелерімен шын жүректен құттықтаймыз!
P.S. Осы орайда, назарларыңызға ABAI.TV телеарнасы Ұлттық архивтің мерейтойына арнап түсірген репортажды ұсынамыз! Архив ісінің дамуына барынша еңбек сіңіріп, келелі мәселелерді көтеріп жүрген телеарна басшылығы мен “Архивтегі аманат” бағдарламасының шығармашылық ұжымына Ұлттық архив қызметкерлерінің атынан зор алғыс білдіреміз! Еңбектеріңіз жемісті болсын!