Комитет төрағасы архив жұмысымен танысты
Бүгін Қазақстан Республикасының Ұлттық архивінде жақында тағайындалған Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің төрағасы Борашев Қуат Қахарманұлы болып, елорда төрінде орналасқан ұлтымыздың тәуелсіздік тарихын сақтаушы архивтің қызмет барысымен танысты.
Қуат Қахарманұлы Ұлттық архивтің даму стратегиясындағы «Е-архив» бағдарламасын жүзеге асыру, архив саласы кадрларын дайындау бойынша оқу орталығын құру сынды мәселелерге тоқталып, Үкімет деңгейінде қарастырылып жатқанын айтып өтті. «Архив саласының үздігі» төсбелгісі бекітілгенін сала қызметкерлері үшін көңіл қуантарлық стимул болғанына тоқталды.
«Қазіргі уақытта Архив істері және құжаттаманы басқару комитеті өзінің жоспарларын нақтылауда. Болашақта Ұлттық архивпен бірлесіп тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасайтын боламыз», – деді комитет басшысы.
ҚР Ұлттық архивінің директоры Сағила Нұрланова архив ұжымын таныстырып, мекеменің негізгі қызметі жайында толыққанды ақпарат берді. Сонымен қатар архив қоймаларындағы тұрақты сақтаудағы құжаттардың жағдайымен таныстырды.
Кездесу барысында архив ісі саласындағы көптеген мәселелер көтеріліп, комитет басшысы олардың болашақта оң нәтиже табатынына сенім білдірді.