Бұл – ұмытуға болмайтын, кешіруге келмейтін ащы тарих!
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Саяси қуғын-сүргінге қатысты архив құжаттарын, фото және бейне материалдарды көрнекі көрсету тапсырмасына сәйкес Қазақстан Республикасының Ұлттық архиві дайындаған электронды құжаттық көрмесі бейне ролик арқылы ұсынылады.
Тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы 14 сәуірде жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Ал ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1997 жылды Жалпыұлттық татулық пен саяси куғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы деп жариялады.
Өткен жылы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен кеңестік кезеңдегі саяси қуғын-сүргін құрбандарының барлық санаттарына қатысты тарихи әділеттілікті толық қалпына келтіру мақсатында «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды.
«Өткен ғасырдың алғашқы жартысындағы саяси қуғын-сүргін Кеңес Одағы дәуіріндегі миллиондаған азаматтың тағдырына таңба салды. Қазақстанда жүз мыңнан астам адам жазықсыз сотталып, оның төрттен бірі өлім жазасына кесілді…», – деп атап өтті Мемлекет басшысы Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне байланысты жасаған үндеуінде.
Жалпы, зерттеушілер деректеріне сүйенсек, 1927-53 жылдары Қазақстан бойынша 125 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшыраған. Олардың 25 мыңы атылды. Осы қуғын сүргін жылдарында бүкіл елде мыңға жуық лагерлер болған. Қазақстанда ГУЛаг-тың 20-дан астам лагері орналасқан.
Біз бұл күнді қаралы дата деп атап өтіп, оңай айта салғанымызбен, оның түбінде үлкен қайғы-қасірет жатыр. Әрбір қазақтың баласы осы қайғы-қасіретті ұмытпауы керек. Бұл ұмытуға болмайтын, кешіруге келмейтін ащы тарих!