А.Л.Ж.И.Р.-ге сапар
Тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы 14 сәуірде жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Ал ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1997 жылды Жалпыұлттық татулық пен саяси куғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы, сондай-ақ 31 мамырды – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні деп жариялады.
Бұл шара – жазықсыз жапа шегіп, қазақты егеменді ел етеміз деп еркіндікке ұмтылған ерлердің алдындағы борышты өтеуге, парызды ақтауға арналған жұмыстардың бастауы болатын.
Жалпы, зерттеушілер деректеріне сүйенсек, 1927-53 жылдары Қазақстан бойынша 125 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшыраған. Олардың 25 мыңы атылды. Осы қуғын сүргін жылдарында бүкіл елде 953 лагерь болған. Қазақстанда ГУЛаг-тың 20-дан астам лагері орналасқан.
Біз бұл күнді қаралы дата деп атап өтіп, оңай айта салғанымызбен, оның түбінде үлкен қайғы-қасірет жатыр. Әрбір қазақтың баласы осы қайғы-қасіретті ұмытпауы керек. Тарихқа үңіліп қарайтын болсақ, ашаршылық қазақ даласында 1929 жылы бірінші рет болып, кейін 1932 жылы қайталанған. Бірінші ашаршылықта бірнеше миллион халық қырылған болса, екіншісінде одан да көп халық аштықтан көз жұмды. Ал қырылғаннан қалғандары жан сақтау мақсатында басқа елдерге босып, тозып кетті. Бұның барлығы қазақ даласына жасалған қиянат болатын.
ҚР Ұлттық архивінің ұжымы осы күнге орай Нұр-Сұлтан қаласының іргесінде орналасқан «Саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешеніне» барып, солақай саясаттың құрбандарының рухына бағыштап Құран оқытып, мұражайдағы экспонаттармен танысты.
Экскурсия барысында ҚР Ұлттық архивінің директоры Сағила Нұрланова қуғын-сүргін заманның қасіреті туралы айтып, АЛЖИР мемориалдық кешінінің маңызына тоқталды.
«Біз бүгін адамзат тарихындағы ең азалы, ең қасіретті тарихтың куәсі болған А.Л.Ж.И.Р мемориалдық музей кешенінде тұрмыз. Бұл жерде қылышынан қан тамған қызыл империяның солақай саясатынан жапа шегіп, жазықсыз атылып кеткен қаншама азаматтардың жұбайлары, аналары мен әпке-қарындастары азапқа толы күн кешіп, еш кінәсіз адам төзбес қорлық көрді.
Шаш ал десе, бас алатын жандайшап жауыздар аяулы аналарымызды қақаған аязда адам түгілі мал тасымайтын темір вагондарға тиеп әкеп, топырлатып төге берді. Еш жазығы жоқ нәзік жанды әйелдер суыққа тоңып, ыстыққа күйіп, өте ауыр жағдайда қара жұмыс істеуге жегілді. Қамысты төсеніш қылып, тар қапас барактарда өмір сүруге мәжбүр болды. Бауыр еті балаларынан тірідей айырылып, құсаға шыдамай жан тапсырғандары қаншама!
Олардың арасында Алаштың ардақты арыстары С.Сейфуллин, Б.Майлин, Ж.Шанин, С.Қожанов, Т.Рысқұлов, Т.Жүргенов т.б көптеген белгілі тұлғалардың әйелдері болды. Сонымен бірге КСРО-ның түкпір-түкпірінен түрлі мемлекет және қоғам қайраткерлерінің жұбайлары да осы жерде азап шегуге айдалып әкелінді.
Иә, бұл ұмытуға болмайтын, кешіруге келмейтін ащы тарих! Сол аналарымыз көрген қорлық пен зорлықты енді жер бетіндегі ешбір адам баласы көрмейтін болсын», – деп атап өтті С. Нұрланова.