«Ведомстволық архивтерде құжаттарды ретке келтіру, сақтау, пайдалану және оларды Қазақстан Республикасының Ұлттық архивіне тапсыру мәселелері» семинары өтті
2021 жылдың 26 мамырында Қазақстан Республикасының Ұлттық архиві Zoom платформасында «Ведомстволық архивтерде құжаттарды ретке келтіру, сақтау, пайдалану және оларды Қазақстан Республикасының Ұлттық архивіне тапсыру мәселелері» семинарын өткізді.
Семинарға Қазақстан Республикасының Ұлттық архивінің жинақтау көздері болып табылатын ұйымдардың құжаттамамен қамтамасыз ету бөлімдерінің басшылары, іс жүргізуге және архивке жауапты тұлғалар, архивистер қатысты.
Іс-шараны модераторы Қазақстан Республикасының Ұлттық архивінің директоры Сағила Нұрланова ашып, семинардың мақсаты Қазақстан Республикасының Ұлттық архивінің жинақтау көздері-ұйымдарының ведомстволық архив қызметкерлерінің архив ісі саласындағы заңнамалық талаптарына сәйкес кәсіби білімі мен дағдысының деңгейін арттыру, жұмыс сапасын жетілдіру, құжаттарды сақтау, есепке алу және пайдалану, Қазақстан Республикасының Ұлттық архивіне мемлекеттік сақтауға тапсыруды қамтамасыз ету екендігін айтты. Сонымен қатар, Ұлттық архивтің сараптау-тексеру комиссиясының қарауына келіп түсетін құжаттардың сапасына мән беру қажеттігіне және архивист мамандар өз біліктілігін үнемі жетілдіріп, қолданыстағы заңнаманы білуіне баса назар аударуына тоқталып өтті.
Баяндамашылар саланың өзге де сақтауға жатпайтын құжаттарды жоюға бөлу туралы актіге қойылатын талаптар, ведомстволық архивтердегі құжаттау және құжаттаманы басқару, істер номенклатурасын жасау бойынша ұсынымдар, құжаттардың құндылығына сараптама жүргізу және оның нәтижелерін ресімдеу тәртібі, уақытша ведомстволық сақтау сатысында құжаттарды есепке алу, қорландыру және сақталуын қамтамасыз ету мен құжаттарды мемлекеттік сақтауға тапсыру мәселелері сынды көкейкесті тақырыптарды көтеріп, бір-бірімен пікір алмасты.