Ақтоты Райымқұлова: Саяси қуғын-сүргінге байланысты құжаттарды құпиясыздандыру жұмыстары қолға алынды
Бүгін Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова халық алдында есеп беру кездесуін өткізіп, 2020 жыл мен 2021 жылдың алғашқы тоқсанында атқарылған жұмыстар туралы жан-жақты тоқталып, мәдениет, спорт, туризм, архив ісі салалары бойынша мағлұматтар берді.
Министрдің мәліметінше, аталған уақыт аралығында архив ісі бойынша да көптеген жұмыстар атқарылып, алдағы уақытқа нақты жоспарлар құрылған.
«Биыл 4 республикалық архив үшін архивтік құжаттарды қалпына келтіру және микрофильмдеу зертханаларын сатып алу көзделіп отыр», – деп атап өтті Ақтоты Рахметоллақызы.
Сонымен қатар, министр саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мәселеге де тоқталып өтті.
«Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның жұмысын сүйемелдеу мақсатында министрліктің құзіреті шеңберінде тиісті жұмыстар да жүргізіліп келеді. Қазіргі таңда Орталық мемлекеттік архивтерде мекемелер мен ұйымдардың архивте сақталған құжаттардың заңды иелерінің қатысуымен саяси қуғын-сүргінге байланысты құжаттарды құпиясыздандыру жұмыстары қолға алынды», – деп мәлімдеді Мәдениет және спорт министрі.
Сондай-ақ, министр мемлекеттік басқаруды одан әрі жетілдіру мақсатында Архив істері және құжаттаманы басқару комитетін құру бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын да баса айтты.
***
***
ulttykarhiv.kz