Әл-Фараби мұрасы адамзаттың асыл қазынасы
ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы Даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласында «Ұлы Дала адамзат үшін аса көрнекті қайраткерлерді, оның ішінде әлемге әйгілі ойшыл әл-Фарабиді де дүниеге әкелді – деп атап көрсеткен еді.
Әбу Насыр әл-Фараби туралы кезінде араб тарихшысы Захир ад-Дин әл-Байһақи: «Исламда Әбу Насырға тең түсер адам туған жоқ, оның ілімін қастерлегендер «Екінші ұстаз» деп дәріптеді. Дүниеде төрт ғажап адам болған. Олар: Аристотель мен Александр Афродезейский және Әбу Насыр мен Әбу Әли ибн Сина» деп жазған болатын.
Немістің шығыс зерттеушісі А.Мюллер әлФараби туралы: «Бүкіл мұсылман шығысының аса ұлы ойшылы әл-Фараби өзінен бұрынғылар тек шет пұшпақтап айналысқан көп мәселелер бойынша аса зор жұмыс тындырды. Бұл кемеңгер адам грек философиясының ең терең қырларына дейін бойлап, байыбына жетті. Сондықтан да шығыста философияны ғылыми зерттеуді шын мәнінде бастаушы кім дегенде, басқа ешкім де емес, тек соның есімі аталуы керек», – деген пікір айтқан.
Әл-Фарабидің балалық, жастық шақтары туралы мағлұматтар мардымсыз. Туған жылын дөп басып айту қиын. Зерттеушілердің басым бөлігі Әбу Насыр әл-Фараби 870 жылы Арыс өзенінің Сырдарияға құя беріс сағасындағы ежелгі Отырар қаласында туылған деп жазады. Бұл шаһарды арабтар Фараб деп атаған. Сол атау бойынша, ұлы ұстаз әл-Фараби атанып кеткен. Тарихи деректерде оның әкесі әскери қолбасшы болған. Әл-Фараби туралы еңбектерде ол ержүрек, қайсар, батыр болғаны туралы жазылады. Осы қасиеттерді ұлы ғалым ғылым жолына бағыттады.
Ғалымның жастық шағы өткен Отырар қаласы IX ғасырда аса ірі ғылым мен мәдениеттің орталығына айналады. Әбу Насыр бала күнінен ғылымға үйір болып өсті, оның бақытына қарай сол заманда Отырарда Александриядан кейінгі әлемдегі ең үлкен кітапхана орналасты. Болашақ ғалым онда парсы, грек тілдерін үйренеді, осы тілде ғылыми трактаттар оқиды. Осының арқасында әл-Фараби ондағы құнды қолжазбалар және кітаптармен танысуға мүмкіндік алды.
Ғұлама ойшылдың толық аты-жөні Әбу-Насыр Мұхаммед ибн Мұхаммед Тархан ибн Ұзлағ әлФараби. Ғұлама ғалым қазақ жерін мекендеген түркі тайпасынан шыққан. Бұған дәлел оның толық аты-жөнінде «Тархан» деген атаудың болуы. Оның түркі тайпасынан шығуын филология ғылымдарының докторы, шығыстанушы Әбсаттар қажы Дербісәлі растайды. «Мен араб ғалымдарының кітаптарын оқыдым. Осы күнгі араб Фарх Саад есімді ғалымның бір дерегі бар. Онда Әбу-Насыр Мұхаммед ибн Мұхаммед Тархан ибн Ұзлағ әл-Фараби ат-Турки дейді. Яғни ол оның түркі текті екенін жазған. Ғалым ибн-Халикан да ат-Турки дегенді қосады. Ол әл-Фарабидің түркі екенін жазады», – дейді ол сұхбаттарының бірінде.
Фараб пен Бұқарада бастапқы білім алған соң әл-Фараби өз білімін жетілдіру мақсатында Бағдатқа аттанады. Қазақстан Ұлттық энциклопедиясында болашақ ғалым 12-16 жас шамасында керуенге ілесіп, Бағдатқа кетеді деп жазылды.
Әбу Насыр әл-Фарабидің Бағдатқа қоныс аударуының мынадай екі сыры болған. Біріншіден, сол кездегі Бағдат халифатын Аббас әулетінің сенімді уәзірлері басқарған. Тарихшылардың пікірінше Аббас әулеті «ислам өркениеті» дәуірінде ғылымы, әдебиеті, философиясы, математикасы, географиясы т.б. әлемдік дамудың алдыңғы қатарындағы мемлекет болды. Сан қырлы ғалымдар, азат ойлы ғалымдар осы Бағдаттан табылған.
Екіншіден, Бағдат шаһары ғылым мен өнер жолына бет алған адамдарға қақпасын кең ашып, барынша жағдай жасаған. Фарабидің Бағдатқа қоныс аударуы кездейсоқ емес, ол заңдылық.
Алғашқы кезде Әбу Насыр әл-Фараби музыкант ретінде танылды. Ұлы данышпан «Қыпшақ» деп аталатын аспапты ойлап табады. Бүгінде бұл қазақтың ұлттық аспабы домбыра көрінеді. Әл-Фарабидің Бағдатта музыка саласында жазған «Музыканың үлкен кітабы» атты еңбегі ең шоқтығы биік, сүбелі еңбек. Мұндай жорамалға негіз жоқ емес.
Әл-Фарабидің 1200 беттен тұратын бұл кітаптың екі томын француз шығыстанушысы Р.Эрланже 1930-1935 жылдары түпнұсқадан француз тіліне аударған.
Бұл орайда белгілі ғалым музыкатанушы Г.Фармер «Барлық ғылымдар саласында әлФараби – «Екінші ұстаз». Ал музыка саласын алатын болсақ, әл-Фараби бір өзі ғана бас король болып табылады. Басқаша айтқанда, музыка саласында әл-Фарабиге үлгі боларлық, бірінші ұстаз боларлық адам болмаған» дейді.
Әл-Фараби музыканың тек теориясын зерттеп қана қоймаған, ол сондай-ақ тәжірибе жүзінде де қолданып, көптеген аспаптарда тамаша ойнаған. Оның шебер орындаушылығы жөнінде халық арасында күні бүгінге дейін айтылып жүрген көптеген аңыздар бар.
Солардың бірі Бағдат әміршісі музыка қабілетімен атағы шығып танылған әл-Фарабиді Сарайға шақырады. Көпшіліктің алдына шығып өзінің өнерін паш етуді сұрайды. Аңыз бойынша әл-Фараби өзі ойлап тапқан аспаппен көпшіліктің алдына шығып күй тарта бастайды. Күй тартылғанда әмірші сарайы әсемденіп, қос шек бірде боздайды, бірде зарлайды, сағынған жанның тәтті мұңын баяндайды. Аңыз бойынша ғұлама бұл кеште үш күй тартады. Бірінші қуанышты, көңілді күй тартқанда жиналған жұрт шексіз қуанышқа бөленіп, мәз-мейрам болады. Екінші мұңлы күй ойнағанда жұрттың бәрі ауыр мұңға беріліп, көздеріне жас алады. Үшінші жаймашуақ, бір сарынды ырғақты күй тартқанда жұрттың бәрі тәтті ұйқыға кетеді. Әл-Фараби Сарайдан шығып бара жатқан кезде, тек әмірші ғана терең ойға шомып отырған дейді.
Алдымен әл-Фараби музыканы физик ғалым ретінде зерттеген. Дыбыстың физикалық қасиетін зерттеген. Екі жұмсақ денені алып бір-біріне соғатын болса дыбыс жоқ. Мәселен, «өз ара әсер еткен екі дененің арасындағы ауа тығыздала түсетіндіктен дыбыс шығады. Ауаның, әрбір бөлшектері басқа бөлшектерін қозғалысқа келтіретіндіктен бұл тербеліс ақырында қозғала келе құлақ жарғағына беріледі. Ал есту органы оны дыбыс түрінде қабылдайды. Есту органы дыбысты әр түрлі естиді, оның дыбыс көзінен алыс-жақындығына байланысты», – деп түсіндіреді. Сонымен, Фарабидің пікірінше дыбыс сапасы жағынан жоғарылық күш және басқа қасиеттерімен анықталатын объективті құбылыс.
Фараби музыка ілімін жасауда сөз жоқ ертедегі грек оқымыстылары Пифагор, Аристотель, Евклид, Аристоксен, Птоломейдің еңбектеріне сүйенеді. Алайда Фараби логикаға сүйеніп, бұл авторлардың еңбегін қайта талдап шығады. Мәселен, ежелгі Грецияда аспаптарды зерттеуді тіпті қолға алмаған. Ал, Фараби музыкалық аспаптарды зерттеуді математикалық тәсілдерді пайдалану арқылы қағазға түсіріп, нотаны алғаш дүниеге әкелген. Қазір музыкада жеті нота болса, әл-Фарабидің еңбегінде нота саны – 12. Өкінішке орай әлі бес нота зерттелмей отыр.
Әл-Фарабидің еңбегінде гармония туралы тарауы бар. Шығыс музыкасында бір уақытта көп дыбыстар шығаратын көп шекті аспаптар болмаған. Сөйтіп, әл-Фараби музыкалық дыбысқа қажетті шарттар дайындайды. Алайда әл-Фарабидің пікірінше «табиғатта тамаша үн шығаратын адам және оның дауысы», – дейді.
Музыка зерттеушісі Әбунасыр Мұхаммед ибн Тархан әл-Фарабидің әлем өнеріндегі басты жаңалығы – музыканың теориясын жасағандығында. Себебі осы уақытқа дейін музыка зерттеушілерінің сөзіне сүйенер болсақ, «Әл-Фараби жасаған музыкалық теория нақты әрі айқын» дейді.
Ал философ-ғалым Әбдімәлік Бұхарбаев әлФарабидің қобызда да ойнағанын айтып: «Шын мәнінде Қорқыт атадан кейін әл-Фараби де қобызды дамытып, оның құлағында ойнаған, көп тілде сөйлеген ғұлама адам болған. Әл-Фараби – қазақ өркениетінің, музыка философиясының негізін қалаған үлкен ойшыл», – деп жазады.
Әл-Фараби X ғасырдың 30-40 жылдары Бағдаттан Дамаскіге қоныс аударады. Ислам өркениеті үшін өте ауыр кезең болды. Бағдатта Аббас әулеті саяси биліктен айрылды. Діни ағымдар арасында жанжал күшейе түскен кез еді. Ұлы ойшыл Дамаскіде логика ғылымын терең зерттейді. Осы салада бәрын-соңды жазылған еңбектердің бәрін парақтап оқып шығады.
Атақты тарихшы Ибн Халликан: «оның қарапайым, аса қанағатшыл, жұпыны ғана киініп, той-думан, ырду-дырдудан бойын барынша аулақ ұстаған адам» болғанын жазған. Күндіз ол көбінесе қаладағы бақта күзетшілік қызмет атқарып, тапқан ақысына сатып алған «шырақ жарығымен түні бойы кітап оқумен шұғылданған», – дейді.
Ғұлама ғалымның Дамаскіде жазған еңбектерінің ішіндегі ең әйгілісі – «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары жайлы трактат» («Ізгі қала тұрғындарының көзқарасы»). Ұлы ғалымның арманы – ізгі қоғам құру болған. Ондай қоғамды құру ізгілікті адамдардың қолынан ғана келеді. Ізгілікті қоғамның өз заңдылықтары бар. Әл-Фараби өз еңбегінде ізгілікке сеніп қана қоймай оған апаратын жолды да көрсетті.
«Ізгілікті қала тұрғындары» деген еңбегінде ғалым қаланы басқаратын адамдардың талаптарын тізіп айтады: «Біріншіден қала басшысы парасатты, дана тұлға болуы керек. Екіншіден ешқашан заңды, дәстүрді бұзбауы тиіс. Қала басшысына имандылық, көрегенділік қажет. Ең бастысы ісімен, сөзімен үлгі болуы керек. Осы жақсы қасиеттің бәрі бір адамның бойынан табылмай, екі адамның бойынан кездессе, екі адам басқару керек. Ал алты адамның бойынан кездессе, онда осы ұжым өзара тіл табысып, бірлесіп басқарған жөн», – дейді.
Әл-Фарабидің жіктеуінде имансыз қала деген ұғым бар. Олардың ақылы ізгілікті қала тұрғындарының ақылынан кем емес. Олар жақсы мен жаманды ажырата біледі. Тек істеген істері дұрыс емес делінген.
Ұлы ойшыл өз еңбегінде: «ол қаланың тұрғындары ешқашан да бақытты көріп-білмеген. Олар мұны ешқашан бастан кешіріп те көрген емес, бұған ешқашан сенген де емес. Игілікті алатын болсақ, олар жұрттың ойынша игілік ретінде саналатын алдамшы дүниелерді ғана, жұрттың ойынша өмірлік мақсат болып көрінетін дүниелерді ғана біледі. Мәселен: денсаулық, байлық, ләззат, құштарлыққа салыну бостандығы, құрмет пен даңқ. Осы игіліктердің әрқайсысы надан қаланың барлық тұрғындарының пікірінше бақыт болып табылады – дейді.
Данышпан қала тұрғындары қай кезде бақытты болады деген сауалға да жауап береді. Ғалымның пікірінше, «бұл шаһардың әкімдеріне байланысты. Егер әкім білімді, әділ, ойы таза болса, барлық қала тұрғыны бақытты болады. Ал қаланың әкімі надан болса, өтірік айтса, шаһардың адамдары бақытсыз болады. Әл-Фараби шын бақытқа жету үшін адам үнемі іздену керек» деген.
Ғұлама ғалым кезінде жауап беруге тырысқан бақыт туралы, ізгілікті қоғам туралы сұрақтар қазіргі заманғы адам мен қоғам үшін де аса өзекті. Оның пікірінше, білім мен ізгілік ажырамас бірлікте болуы керек. Кемеңгер ұстаз «…тек халықтардың бірігуі және өзара көмегі арқылы ғана бақытқа жетуге болады…», – дейді. Демек, ғалым бақытқа жетудің бірден бір жолы ғылымды, білімді игеруде деп білді.
Ел аузында әл-Фарабиді қала басшылары, лауазымды тұлғалар қатты құрметтеген деген аңыз әңгіме бар. Бірде ұлы ұстаз Дамаскіде жұрт жиналған әмірші сарайына кешігіп келеді. Әл-Фараби жиналған жұртшылықтан: «Қай жерге отырайын?» деп сұрайды. «Өзіңіз қай жерге сәйкес келемін десеңіз, сол жерге отырыңыз» деседі ел. Сөйтсе әл-Фараби Дамаск қаласының билеушісінің қасына барып отырыпты. Мұндай қылықты теріс санаған әмірші әл-Фарабиді сынай бастайды. Кемеңгер ұстаз барлық сұрақтарға жауап береді. Сонда әмірші ешкім білмейтін, сарай тілінде пайдаланылатын тілмен бұйрық береді. Бұл сынақтан да мүдірмей өтеді. Аңтаң болған әмірші шын мәнінде өзіне лайықты орынға жайғасқанын мойындайды. Шаһар халқы ғалымды осылайша қатты құрметтеген», – дейді.
Әлемде екінші ұстаз атанған, 150-ге жуық философиялық және ғылыми трактаттар жазып қалдырған данышпан тұлға 950 жылы Дамаскіде қайтыс болды. 80 жастағы ғұлама ойшыл Дамаскідегі патшалар мазарында жерленді.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, күллі түркі жұртының мақтанышына айналған әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдық мерейтойын 2020 жылы ЮНЕСКО атап өту туралы қаулы жариялады. Ұлт мақтанышының мерейтойы – барша қазақтың тойы.
Түйіндей келгенде, ұлы ойшылдың қаламынан туындаған идеялар бүгінгі күнге дейін өз маңызын жоғалтқан жоқ. Тарихи сабақтастық арқылы жалғасын тауып келеді. Осындай тағлымы мол әлФараби мұрасын жас жеткіншектерге насихаттау – әрбір азаматтын парызы деп ойлаймын.
Айтбала Әбенова,
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
Мемлекет тарихы институтының ғылыми қызметкері