Архивтік құжаттар алтын бастау бола алады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы көпшіліктің көңілінен шығып, халықтың қолдауына ие болуда. Оның себебі түсінікті де. Президент өз мақаласында қазір халықтың көкейінде жүрген көптеген мәселені тап басып тауып, нақты шешу жолдарын ұсынған.
Қ.Тоқаев мақаласында биыл тәу етер тәуелсіздігімізді алғанымызға 30 жыл толатынын айта келе: «Тарих тұрғысынан алғанда, отыз жыл – көзді ашып жұмғандай қас-қағым сәт. Дегенмен бұл көптеген халықтар үшін қиындығы мен қуанышы, дағдарысы мен дамуы алмасқан тұтас дәуір деуге болады. Біз де осындай жолдан өтіп келеміз», деп атап өткен.
Осы тұтастай дәуірді қамтыған барлық маңызды құжат Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің сөрелерінде сақталып тұр. Ондағы әрбір парақ қағаздың өзі осы 30 жылда қабылданған әрбір шешімнің, әрбір қаулының ел ертеңін нығайтуда қаншалықты ауыр жүк арқалап жатқанының айнымас дәлелі.
Президент Қ.Тоқаев еліміздің үш онжылдықта жеткен жетістіктерін айта келіп, осынау толағай табыстардың бәріне Елбасының дара көшбасшылығының һәм халқымыздың даналығы мен парасатының, бірлігі мен ынтымағының, отандастарымыздың қажырлы еңбегінің арқасында қол жеткізгенімізді баса айтты. Сондай-ақ Президент тарихқа көз жүгіртіп, халқымыздың басынан өткерген қилы-қилы тағдырын да сөз етті. «Біздің бабаларымыз «Ақтабан шұбырынды», «Алқакөл сұламаны», аталарымыз алапат ашаршылықты, қуғын-сүргінді, дүниежүзілік соғысты көрді. Тоталитарлық кезеңде ұлттық құндылықтарымыздан, тілімізден, діліміз бен дінімізден айырылып қала жаздадық. Оның бәрі Тәуелсіздіктің арқасында халқымызға қайта оралды. Бірақ ұлт пен ел ретінде сақталып қалу үшін бүгінгі және болашақ ұрпақ жаңа сын-қатерлерге дайын болуы керек», деген ойын білдірді.
Тәуелсіздік жылдарында дүниеге келген жастардың алды «отызында орда бұзып», ел тізгінін қолға алар азаматқа айналып келе жатқанын ерекше мақтанышпен айта келіп, Мемлекет басшысы бүгінгі жастардың бойына тәуелсіздіктің қадірін мықтап сіңірудің де кезек күттірмес күрделі парыз екенін шегелей түсті.
Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «ЕQ»
Осы орайда Ұлттық архив қызметкерлері көп жылдан бері «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Түркия, Мысыр, Жапония, Ресей елдерінің архивтеріне іссапарлармен барып, еліміздің тарихына қатысты құнды құжаттар мен бағалы жәдігерлерді елге алып келгенін атап өту керек.
Қ.Тоқаев мақаласында Алашорда арыстарынан бастап, ашаршылық, тоталитарлық жүйенің құрбандары, 86-ның желтоқсанында жазықсыз зардап шеккен боздақтардың тағдырын жан-жақты зерттеп-зерделеп, деректі және көркем фильмдерге арқау ету қажеттігін баса айтты. Бұл – еліміздің барлық архивтерінің қызметкерлері де бейжай қарамайтын мәселе. Архив саласының білікті мамандары тарихшы-зерттеушілермен бірлесе жұмыс атқарса, әлі де талай құнды құжаттардың бетін ашып, жарыққа шығаруға болады деп ойлаймын.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстанның жаңа тарихын да жаңа ғылыми ұстанымдар мен жаңалықтардың негізінде тыңнан жазатын уақыт әлдеқашан келгенін баса айтты. Бұл ретте осы тақырыпты қаузап, тереңнен зерттеп жазамын деген тарихшы-зерттеушілермен біздің ұжым да бірлесе жұмыс атқаруға әзір екендігін жеткізгім келеді. Себебі еліміз егемен болғаннан бергі маңызды құжаттардың көпшілігі дәл осы Ұлттық архивте сақталған. Осы тұрғыдан алған кезде, жаңа Қазақстанның жаңа тарихын жазу жолында біздің архивтің заманауи қоймалары мен сөрелерінде сақталған құжаттар алтын кеніш болатыны айдан анық.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында жазғандай, біз тәуелсіздігімізді сақтап, келер ұрпаққа жеткізу үшін әркім өз саласында күнделікті аянбай еңбек етіп, тер төгуіміз керек. Тек сонда ғана елдігіміз – мәңгілік, Тәуелсіздігіміз – бәрінен қымбат болады!
Сағила НҰРЛАНОВА,
Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің директоры