Пандемия жағдайындағы архивтердің жұмыс тәсілі
2020 жылдың 11 желтоқсан күні Павлодар облысының мемлекеттік архиві онлайн форматында «Пандемия жағдайындағы Қазақстан Республикасы архивтерінің жұмысы: жаңа тәсілдер мен әдістер» атты республикалық дөңгелек үстелін өткізді.
Дөңгелек үстелге Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінен құжаттарды пайдалануды ұйымдастыру бөлімінің басшысы Мушкенова Сәуле Несіпбайқызы қатысты.
С. Мушкенованың мәліметі бойынша, қатаң карантин және одан кейінгі жеңілдік кезеңінде Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің қызметкерлері мыңға жуық сұраныстар орындаған. Оның ішінде, алыс және жақын шет елдерден (Германия, Моңғолия, Ресей, Украина) қырыққа жуық сұраныстар қанағаттандырылып, Қазақстан Республикасы Ұлттық архиві қорларының құрамы мен мазмұны туралы 100-ге жуық консультация өткізілген.
Сондай-ақ, Сәуле Несіпбайқызы баяндама барысында мемлекеттік қызметті ұсыну нәтижелері архивтік анықтамалар мен көшірмелер, еңбек өтілі мен жалақысы туралы үзінділер, сұратылған мәліметтердің жоқтығы туралы жауаптар және қажетті ақпаратты одан әрі іздеу жолдары туралы ұсынымдар, тиістілігі бойынша басқа органдар мен ұйымдарға орындауға тиісті сұрау салулардың жіберілгені туралы хабарламалар болғанын атап өтті. Елде цифрландыруды енгізумен, сондай-ақ карантиндегі барлық жағдайды ескере отырып, архивте Қазақстан Республикасының “Электронды құжаттардың бірыңғай архиві” ақпараттық жүйесін енгізу бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатқаны да назардан тыс қалған жоқ.
Карантин кезінде мекеме өз жұмысын санитарлық және эпидемияға қарсы шараларға байланысты шектеулерді ескере отырып, жаңа жағдайда архив қызметінің негізгі бағыттарын тиімді жүзеге асыру үшін тың тәсілдер мен әдістерді іздеп табу мақсатында қызметін өзгеше қырынан іске асырғанын сенімді түрде айтуға болады.