Кәри Абитов

Ұлы Отан Соғысының ардагері, Мемлекеттік Қауіпсіздік комитетінің полковнигі Кәри Абитов 1922 жылы 1 маусымда Ақмола облысы, Бұланды ауданында дүниеге келген.
1941 жылдың желтоқсанында әскер қатарына шақырылған Ташкент пулеметті-миномет училищесінің курсанты. Оқу-жаттығуын аяқтап 1942 жылы 66-шы әскердің 226 атқыштар дивизиясының құрамына кіретін жеке пулеметшілер батальонына қосылып, Сталинград майданына аттанады. 1943 жылдан бастап Курск-Орловск түбегі шайқасында 3-әскердің 186-атқыштар дивизиясы құрамындағы минометшілер батареясында 120 мм отты реттеуші қызметін атқарды. 1944-1945 жылдары «Смерш» әскери қарсы барлау органына қабылданып, ҰҚК-ның Мәскеудегі екінші мектебіне оқуға түседі. 1945 жылы майданға қайта аттанып, Венгрия, Чехословакияны азат ету соғысына қатысады. Жеңіс күнін Австрияның Вена қаласында қарсы алады.
ІІ дүниежүзілік соғыс жылдарында жауынгерлік ерліктері үшін Кәри Әбитов 30 медальмен, І және ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Германияны жеңгені үшін» және т.б. медальдармен марапатталған. Жеңістің 58 жылдығы қарсаңында ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды.
Қазіргі таңда Кәри Әбитовтың өмірі мен еңбектері жинақталып, Қазақстан Республикасының Ұлттық архивінде сақталған.



