АЛАШ ЗЕРТТЕУШІСІ ТҰРСЫН ЖҰРТБАЙ ӨЗІНІҢ МҰРАСЫН АРХИВКЕ ӨТКІЗЕДІ
Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің директоры Сағила Есімсейітқызы мен филология ғылымдарының докторы, абайтанушы, алаштанушы Тұрсын Жұртбай жеке тек қорын ашу мақсатында екіжақты келісімшартқа қол қойды.
Т.Құдакелдіұлы жазушылықпен қатар, архивтік деректерді ақтарып, тарихымызды түгендеуге бар күш-қайратын жұмсап жүрген белгілі тұлға. Абай даналығы мен Алаш арыстарының ақтаңдақ тарихын қордалаған ғалымның еңбектері ұшан-теңіз. Атап айтсақ, ол «Замандасым, сырласым» (1976), «Қоңыр қаз» (1978), «Жүрегімде жұмыр жер» (1980), «Бесқарагер» (1982), «Дара тұлға» (1984), «Жер – бесік» (1985), «Болашақтың бәйтерегі» (2007) атты көркем шығармалардың авторы. Бұл туындылар қаламгердің өзіндік жазу мәнері мен философиялық-лирикалық сипаты арқылы ерекшеленеді.
📌 Сонымен қатар, ғалымның «Бейуақ» (1990), «Дулыға» (1-2 кітап, 1994), «Кетбұға» (1996), «Бесігіңді түзе!», «Талқы» (1997), «Мухтар Омарханович Ауэзов» (түрік, орыс тілдерінде, Анкара,1997), «Күйесің, жүрек… сүйесің!» (2001), «Бесігіңді аяла!» (2002), «Құнанбай» (2004), «Сүре сөз» (2005), «Дулыға» (қайта басылымы, 2007), «Ұраным – Алаш!..» (2007) атты деректі ғылыми-зерттеу кітаптары шыққан.