ҚР Ұлттық архивінде «Әлкей Марғұланның әлемі» атты құжаттық көрме ашылды
Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, археолог, тарихшы, этнограф, шығыстанушы, өнертанушы, мәдениеттанушы, тілші, шоқантанушы, эпостанушы Әлкей Марғұланның туғанына 120 жыл толуына орай «Әлкей Марғұланның әлемі» атты құжаттық көрменің ашылу салтанаты өтті.
Көрменің мақсаты – Әлкей Марғұланның туғанына 120 жыл толуын атап өту, архивтік мұраларды жаңғырту, ғалым мұрасын насихаттау, жас ұрпаққа құжаттық көрменің маңыздылығын дәріптеу.
Шараға Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат вице-министрі Әліқұлов Ербол Шымкентбайұлы, Филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі Серік Негимов, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Алтынбек Нұхұлы, Әлкей Марғұланның қызы Данель Марғұлан, жазушы, филология ғылымдарының докторы, абайтанушы, алаштанушы Тұрсын Жұртбай, ақын, драматург, жазушы, айтыс ақыны, жыршы-жырау, манасшы Баянғали Әлімжанов, мәдениет және қоғам қайраткері Дархан Мыңбай, Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының Бас директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Ақан Оңғарұлы қатысты.
– «Әлкей Хақанұлының аударған хаттары, мақалалары, қазақ даласынан тапқан ерекше суреттері, оқу орындарында жазған еңбектері бүгінгі ғылыми айналымның сүбелі материалдарының қатарына кіреді. Әлкей Хақанұлы көп ашыла бермеген көне дәуірлерге саяхат жасап, біздің байырғы мәдениетімізді ақ қағазға алтын әріптермен жазған ғалым. Айта кетсек, Әлкей Марғұланның 100 жылдық мерей тойы ЮНЕСКО шеңберінде аталып өтті. 2003 жылы С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің алдында және 2007 жылы Алматыдағы Ұлттық Ғылым Академиясының жанында қоладан бюст-ескерткіштер орнатылды. Сондай-ақ Баянауыл ауданының Құндыкөл ауылындағы жалпы орта білім беру мектебі мен Баянауыл орталығында орналасқан көшеге есімі берілді», – деді вице-министр Ербол Әліқұлов.
Сондай-ақ Әлкей Хақанұлының қызы Данель Марғұлан ғалымның есімін ардақтаған ауқымды іс-шара үшін алғыс айтып, әке тарихындағы ескірмес естеліктерімен бөлісті.
Көрмеге Әлкей Марғұланның өмірінен сыр шертетін Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінде сақталған құнды құжаттар қойылды. Оның ішінде Жошы хан кесенесі мен Айша бибі мазарының сызбасы, Маңғыстау өлкесінің этнографиялық жазбалары, ру таңбалары, көне дәуірлердегі жебелер, оның түрлері, архитектуралық құрылыс материалдарының сызбалары, суреттер қойылды.