ҒЫЛЫМИ КЕҢЕСТІҢ КЕЗЕКТІ ЖИЫНЫ
12 сәуір – Ғылым күні қарсаңында Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінде Ғылыми кеңесінің отырысы өтті.
Ғылыми кеңесті Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің директоры Сағила Есімсейітқызы жүргізіп, архивтегі ғылым саласының дамуын баяндады. Сонымен қатар, 2023 жылғы атқарылған жұмыстар туралы да тоқталды.
Кеңестің құрамы былтыр жеке қоры ашылған қазақтың көрнекті биологы, вакцинацияның дамуына ең көп үлес қосқан әйелдердің әлемдік рейтингіне енген, биоқауіпсіздік, биотехнология және микробиология саласындағы әлемге танымал сарапшы, Президенттің ғылым және инновациялар мәселелері жөніндегі кеңесшісі, биология ғылымдарының докторы, профессор Закарья Күнсұлу Дальтонқызы, Қазақстан Республикасы Мемлекет тарихы институтының директоры, PhD докторы Пұсырманов Нұрбек Серікұлымен толықты. Білікті ғалымдар ел болашағына қатысты тың ұсыныстарымен, ғылыми идеяларымен бөлісті.
Сондай-ақ жиынға мемлекет қайраткері, құжаттанушы, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрағасы Жақыпов Мирболат Хабиұлы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің Тарих факультетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Дүкенбаева Задаш Оразғалиқызы, мемлекет және қоғам қайраткері, техника ғылымдарының кандидаты (геоэкология), Халықаралық ақпараттандыру академиясының мүшесі, Қазақстанның журналистика академиясының академигі Мыңбай Дархан Қамзабекұлы, тарих ғылымдарының кандидаты Прохоров Игорь Русланович қатысып, тарихи құжаттарды ғылыми айналымға енгізу және Тәуелсіздік кезеңіндегі Қазақстан тарихын зерттеу мәселелерін талқылады.