Қолжазбаларын архивке өткізді
Ұлттық архивте Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, журналист, прозашы, сазгер, ақын Қадыр Әлімқұловтың жеке тек қоры ашылды.
Іс-шарада Қадыр Нүсіпақынұлының шығармашылығын насихаттау, мұраларын Ұлттық архив қорына жинақтау және құндылығын таныту жайы сөз болды. Ұлттық архивтің директоры Сағила Есімсейітқызы қаламгер жөнінде пікір білдіріп, жеке қор иесінің №291 сертификатын табыстады.
Архивтің жеке тек қорына ақынның көп жылғы еңбектері, шығармашылық әлеуетін көрсететін 5 томдық «Мәңгілік мұра» қолжазбалар жинағы, газет-журналдарға жарияланған мақалалары, мерекелік медальдарының куәліктері, Қазақстан Республикасы Тіл туралы Заңы мен Үкімет бағдарламасының орындалу барысында қор иесінің сараптама жасаған құжаттары, «Авторлық ән» аталымы бойынша берілген жеңімпаз дипломы, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілгендігі туралы жарлығының үзіндісі секілді құнды құжаттар, сонымен қатар «Жан тұңғиығындағы жауһарлар», «Қазақ дейтін халқым бар», «Аяулым», «Қыс», «Сенім» атты өлең жинақтары табысталды.
Жиынға академик Шерубай Құрманбайұлы, профессор, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың кафедра меңгерушісі Мұратбек Арпабеков, математика ғылымдарының докторы, профессор Әбілмәжін Адамов, суретші, өнер зерттеуші Жеңіс Кәкенұлы, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Нұрлан Қалқа және архив қызметкерлері қатысты.
Қадыр Нүсіпақынұлының көпшілікке белгілі «Туған ауыл», «Арман боп қалқыдың», «Көкегім» әндері республикалық радиоларда тұрақты шырқалса, «Тағдыр көзіндегі тамшы», «Жан тұңғиығындағы жауһарлар», «Ғашықтық ғұмыр», «Тәуелсіздік», «Сартап сағынышым сағымданған» өлең жинақтары оқырманның ыстық ықыласына бөленген. Сонымен қатар қаламгердің «Сүзге сұлу», «Жүгініс түні жеткенде» драмасы жергілікті театр сахнасында қойылып келеді.