Көрісу күні көңілге нұр шашады
Бүгін ҚР Ұлттық архивінің қызметкерлері салт-дәстүр бойынша бір-бірімен көрісіп, ақ тілектерін айтып, дастарқаннан дәм татты. Ұлттық киіммен келген архив мамандары бабадан қалған құндылықты қолдап, Ұлыстың Ұлы күні Әз-Наурызды ұлықтауға ерекше дайындықпен кірісті.
Одан кейін ҚР Ұлттық архивінің директоры Сағила Есімсейітқызы бастаған бір топ делегация ҚР Ұлттық академиялық кітапханаға барды. Кітапхана ұжымы келген қонақтарды әсем ән, әдемі көңіл-күймен қарсы алып, өз өнерлерін ортаға салды.
Басқосу аяқталғаннан кейін ұжымдар арасындағы қонақжайлықты көрсету үшін ҚР Ұлттық архив ұжымы Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының ұжымымен бірлесе отырып, кітапхана ұжымын өз шаңырағына шақырды. Қонақтардың ішінде Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқытушылары да болды.
Жиында Амал мерекесінің рухани құндылығы дәріптеліп, ауылдың алты ауызы айтылды. Меймандарға ұлттық тағамдар ұсынылды. Шараға қатысушылар естелік суретке түсіп, мерекелік көңіл-күймен тарқасты.
Ардақты ағайын, Көрісу күні баршаңызға құтты болсын! Әр шаңыраққа бақ-береке, молшылық дарысын!