«АРХИВ – 2025: НӘТИЖЕЛЕР МЕН МӘСЕЛЕЛЕР» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті
6 желтоқсан күні Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінде «Архив – 2025» кешенді жоспары аясында «АРХИВ – 2025: НӘТИЖЕЛЕР МЕН МӘСЕЛЕЛЕР» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.
Конференцияға Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Бораш Қуат Қаһарманұлы, Өзбекстан Республикасы Әділет министрлігі жанындағы «Узархив» агенттігінің директоры Юсупов Улуғбек Миртолибович, Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары, т. ғ. д., профессор Аяған Бүркітбай Ғелманұлы және басқа да тарихшы ғалымдар мен мемлекеттік архив басшылары, зиялы қауым өкілдері қатысты.
Сонымен қатар, конференция аясында ҚР Ұлттық архиві мен Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Тарих факультетінің бірлескен «Тарих кабинетінің» ашылу салтанаты болады. Оған Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті Басқарма төрағасы – Ректор Ерлан Сыдықов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп және басқа да қоғам және мемлекет қайраткерлері қатысып, «Тарих кабинетінің» Ұлттық архивте ашылуының маңыздылығын түсіндірді.
Айта кетеу керек, Қазақстан Республикасының Ұлттық архиві қызметкерлері «Архив-2025» жобасын іске асыру жөніндегі іс-шаралардың кешенді жоспары аясында 9 жинақ: «Ақселеудің асыл мұрасы», 4 томдық «Отанына оралған құжаттық қазына», «История столицы Казахстана», «Архив-2025: Ұлт тарихындағы жаңа деректер» жинақтарын және «Ақмоладан… Нұр-Сұлтанға дейін», «Архивтегі аманат» фотоальбомдарын жарыққа шығарды. Іс-шара барысында «Отанына оралған құжаттық қазына» жинағының ІІІ және ІV томдарының таныстырылымы өтті.
Іс-шараның мақсаты – Отандық және шетелдік архивтерде, музейлерде, кітапханалар мен ғылыми орталықтарда сақталатын Қазақстан тарихына қатысты құжаттармен Ұлттық архив қорын толықтыруға және ғылыми айналымға енгізуге бағытталған «Архив-2025» жобасын іске асыру жөніндегі кешенді іс-шаралар жоспары аясында жасалған жұмыстардың нәтижелері мен мәселелерді жан-жақты талқылау.