Металлург Әнуарбек Үсеновке арналған жеке қор ашылды
Мәдениет және спорт министрлігі, Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті Қазақстан Республикасы Ұлттық архиві РММ ұйымдастыруымен Металлургтер күні қарсаңында Металлург, техника ғылымдарының кандидаты, Қазақ КСР-і Мемлекеттік сыйлығының, Еңбек Қызыл Ту орденінің иегері, КСРО-ның құрметті металлургі Әнуарбек Үсеновтің «Металлург, ғалым, қайраткер» атты жеке қорының ашылуына арналған салтанатты іс-шара өтті, деп жазады Egemen.kz.
Іс-шарада Ұлттық архив директоры Сағила Нұрланова қор иесінің өмірі мен ғылыми еңбектеріне тоқталып, қор иесі Ә.Үсеновтың қызы Баян Әнуарбекқызына салтанатты түрде сертификат табыс етті.
Іс-шарада Әнуарбек Үсенов туралы естеліктер мен елге жасаған қызметі туралы жылы лебіздер айтылды. Архив қызметкерлері дайындаған Әнуарбек Үсеновтің Қазақстанның түсті металлургия және алтын шығару салаларына арналған еңбек жолынан түсірілген бейнебаян көрсетілді.
Үсенов Әнуарбек еңбек жолын 1957-1966 жылдары Өскемен қорғасын-мырыш комбинатында мастердің көмекшісінен цех бастығының орынбасары болып бастап, Лениногорск мырыш зауытының директоры, Қазақ КСР-і түсті металлургия министрінің орынбасары, бірінші орынбасары деңгейіне дейін көтеріліп, Қазақ мемлекеттік бағалы металлдар және алмас ғылыми-зерттеу, жобалау-конструкторлық және технология институтының директоры, Қазақ мемлекеттік бағалы металлдар және алмас ғылыми-зерттеу, жобалау-конструкторлық және технология институтының директоры, 1991-1993 жылдары Қазақ мемлекеттік «Каз алмас» консорциумында вице-президенті, бас директор қызметтерін, 1993 жылдан ұлттық акционерлік «Алтыналмас» компаниясының бірінші вице-президенті, «Алтын» АҚ-ның президенті қызметтерін атқарған.
Әнуарбек Үсенов ғылыми еңбектерін Қазақстанның түсті металлургия және алтын шығару салаларына арнады. Оның тікелей басшылығымен Қазақстанда алғаш рет шикізаттың әр түрінен химиялық таза алтын мен күміс алу технологиясы жасалып, «Целинный кен-химия комбинаты» өндірістік бірлестігімен және ғылыми-зерттеу инстиуттарымен бірлесе отырып «Құмдыкөл» кен орнынан техникалық алмас өндіру бойынша ғылыми-зерттеулер жүргізді.
Әнуарбек Үсеновтің енгізген жаңалықтары ғылымда, өндірісте кеңінен қолданылып, Қазақ металлургиясына сіңірген еңбегі еленіп, Қазақ КСР-і Мемлекеттік сыйлығының иегері, КСРО-ның Құрметті металлургі, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен және медальдарымен марапатталды.