Астана күнін мерекелеу қарсаңында «Шежіре тұнған Елорда» атты кездесу өткізілді
ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Архивтер, құжаттама және кітап ісі комитетінің ҚР Ұлттық архиві Астана қаласының мемлекеттік архивімен бірлесіп, Астана күнін мерекелеу қарсаңында «Шежіре тұнған Елорда» атты кездесуін өткізді.
Іс-шараға ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы, «Тайбұға» қоғамдық қоры өкілдері, тарихшылар, өлкетанушылар, БАҚ өкілдері, сонымен қатар, Целиноград қаласының бас сәулетшісі, Астананың көптеген танымал ғимараттарының авторы Василий Тоскин да қатысты.
Кездесу аясында қазіргі Астана аумағында орналасқан ортағасырлық Бозоқ қалашығынан бастап, Ақмола бекінісі, Акмолинск, Целиноград қаласы және Тәуелсіздік кезеңіне дейінгі Астананың даму тарихы жазылған кітаптың тұсаукесері, сондай-ақ «Шахар шежіресі» атты деректі көрме ұсынылды.
Деректі көрменің экспозициясына Ұлттық архивтің, Астана қаласы мемлекеттік архивінің, ҚР орталық мемлекеттік кинофотоқұжаттар мен дыбыс жазбалары архивінің және ҚР Тұңғыш Президенті кітапханасының бірегей архивтік құжаттары мен фотоматериалдары енгізілді.
Іс-шара барысында Роза Бағланова атындағы № 2 Балалар музыкалық мектебінің бір топ оқушылары «Ұлттық домбыра күнін» дәріптеу мақсатында бірқатар күйлер орындады.