Ғалымның жеке қоры ашылды
Ұлттық архивте филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимовтің «Көсем сөздің кеншісі» атты жеке тек қорының ашылуы мен Мәскеудегі «Художественная литература» баспасынан жарық көрген «Мәлік Ғабдуллин» кітабының таныстырылымы өтті.
Іс-шарада Ұлттық архив директоры Сағила Нұрланова белгілі ғалымның өмірі мен шығармашылығына тоқталып, кеш маңызын атап өтті. Одан кейін қор иесіне салтанатты түрде сертификат табыс етті.
Серік ағамыз ұлттық архивке 100 сақтау бірлігімен 1065 құжат тапсырды. Бұл құжаттарда өткен ғасырдың 30-жылдарынан бастап, бүгінге дейінгі Кеңес Одағының Батыры, көрнекті ғалым, жазушы Мәлік Ғабдуллин, Әлкей Марғұлан секілді ұлт зиялыларына қатысты алуан түрлі, сан сипатты шежірелік материалдар ұсынылды. Сондай-ақ автордың жарты ғасырдан бері заманға, қоғамға, тарихқа қатысты жиған-терген дүниелері де қамтылған.
Мазмұнды іс-шара барысында Мемлекеттік Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібекұлы, генерал-лейтенант, профессор Абай Тасболатов, белгілі қаламгер Баянғали Әлімжанов, филология ғылымдарының докторы Рахымжан Тұрысбек, руханият жанашырлары Дулат Оразалин мен Қазыбек Айтжанов сөз алып, ғалымның азаматтық келбеті мен шығармашылығы туралы жылы лебіздерін білдірді. Сондай-ақ Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, опера әншісі Кенжеғали Мыржықбай әуелетіп ән салып, жиналғандарға рухани ләззат сыйлады.