Үндістанның республика күні
Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің директоры Сағила Нұрланова Үндістанның Қазақстандағы Елшісі Шубдаршини Трипати ханымның шақыруымен Үндістанның Республика күнін атап өтуге арналған іс-шараға қатысты. Мерекелік шараға еліміздің жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлері, мәдениет саласының майталмандары мен БАҚ өкілдері де шақырылды.
Іс-шара барысында Елші Шубдаршини Трипати ханым Қазақстан мен Үндістанның әріптестік қарым-қатынастары туралы айта келіп, екі ел арасындағы ортақ салаларды одан әрі дамыта беруге ниетті екендіктерін білдірді.
Ұлттық архив директоры Үндістан мемлекетін Республика күнімен құттықтай отырып, екі ел арасындағы архив саласы бойынша байланысын атап өтті.
Айта кету керек, 2022 жылы еліміздің архивистері «Архив-2025» кешенді жоспары аясында Үндістанға экспедиция жасап, маңызды құжаттар, қолжазбалар мен фотосуреттер әкелген болатын. Бұл байланыс әлі де өз жалғасын тауып, одан әрі дами беретініне сенімдіміз.
***