Біліктілікті арттыру орталығының кезекті түлектері
Тамыздың 25-26 жұлдызында Қазақстан Республикасы Ұлттық архиві базасындағы Мемлекеттік және ведомстволық архив қызметкерлерінің біліктілігін арттыру орталығында «Ұйымда ғылыми-техникалық құжаттаманы сақтауды, толықтыруды, есепке алуды және пайдалануды ұйымдастыру» тақырыбы бойынша оқу курсы өтті.
Алғашқы сөзді Қазақстан Республикасы Ұлттық архиві директорының орынбасары Т.Ж.Құсайынова алып, тыңдаушыларды курстың мақсаты мен міндеттерімен таныстырып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Курс барысында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Архив істері және құжаттаманы басқару комитеті басқармасының басшысы С.Н Тащанова «Архив ісі саласындағы нормативтік құқықтық актілер» тақырыбында дәріс оқыды.
Бұл курстың ерекшелігі сабақ беруші дәріскерлер Алматы қаласындағы Орталық мемлекеттік ғылыми техникалық құжаттама архивінің қызметкерлері арнайы келіп, Нұр-Сұлтан қаласындағы әріптестерімен ғылыми тұрғыда оқу-білім және тәжірибелерімен кеңінен бөлісті.
Дәріскерлер: Т.С. Жанайдарова, И.К.Ерғалиева, А.А.Тұрсыналиева, М.М.Бейсембаева, Т.П.Искакова, Н.Тұрсынбек, А.Б.Ахметова, В.Ф.Рудняева дәстүрлі және бейне дәрістерімен бөлісіп, практикалық сабақтар, шеберлік сағаттарын өткізді.
Атап айтар болсақ, ғылыми-техникалық құжаттаманың құрамы мен рәсімделуін реттейтін құқықтық және нормативтік құжаттар; ғылыми-техникалық құжаттардың және мемлекеттік архивтерді толықтырудың түрлері; ғылыми-зерттеу құжаттамасының ғылыми ұйымы; конструкторлық құжаттама; жобалау-сметалық құжаттама, патенттік құжаттама; ғылыми-техникалық құжаттарды қабылдау және есепке алу, құжаттарды сақтау; ғылыми-техникалық құжаттарды пайдалану; ведомстволық ұйымдарда ғылыми-техникалық құжаттарды ғылыми-техникалық өңдеу; ведомстволық ұйымдардағы электрондық архив; ғылыми-техникалық құжаттарды цифрландыру; ғылыми-техникалық құжаттардың электрондық архивін енгізу және дамыту мәселелері; істерді ресімдеуді қалыптастыру, құжаттарды сақтау және электрондық архивке беру тәртібі; ОМҒТҚА анықтамалық-ақпараттық қоры тақырыптарына тереңірек тоқталып, тыңдаушыларға жан-жақты мәлімет берілді.
Оқу курсының қорытындысы бойынша, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Архив істері және құжаттаманы басқару комитеті төрағасының орынбасары Г.Е.Қарсақбаева мен Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің директоры орынбасары Т.Ж.Құсайынова тыңдаушыларға сертификаттар табыс етті.